54 алаяқтық іске қатысы бар алматылық жұп ұсталды

Алматы. 19 тамыз. 7kun.kz – Қылмыстық кодекстің бірден бес бабы бойынша жалған құжат жасау және алаяқтық жасады деген күдікке ілінген алматылық жұп ұсталды деп хабарлайды 7kun.kz.

Қазіргі уақытта 35 жастағы рецидивист пен оның 36 жастағы серігіне қатысты қылмыстық іс тергелуде.

«Күдіктілер алдау және сенімге қиянат жасау арқылы ұялы байланыс операторларының бірінің 10 миллион теңгеден астам мүлкін заңсыз иемденіп алған. Олардың алдау жоспары 2021 жылдың желтоқсан айында туды. Олар жалған жеке куәлік арқылы еліміздің әр өңірінен несиеге ұялы телефон сатып алған. Сонымен қатар, олар мобильді құрылғылардың белгілі бір үлгілерін сату үшін арнайы науқандарды пайдаланды. Тергеудің осы кезеңінде 54 алаяқтық дерегі анықталды», – деді Бостандық аудандық Полиция басқармасының бастығы Ғалым Қасымбаев.

Осыған ұқсас қылмыстарды жасағаны үшін 35 жастағы М. есімді азамат бұрын да бірнеше рет сотталған.

Қазір ҚР ҚК-нің 392-бабы 1-бөлігі, 28-бабы 5-бөлігі, 385-бабы 2-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық іс сотқа жолданды.