Неліктен Қазақстаннан шетелдік банктер кетіп жатыр, Қытаймен байланыс орнату Қазақстанға не береді және неге халықтың қолдауынсыз экономикалық реформа жүргізбеу керек деген сауалдарға Еуропаның даму және қайта құру банкінің (ЕДҚБ) бас экономисі Сергей Гуриев жауап береді. Оқырмандардың назарына экономистің Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатын ұсынамыз.

— ЕДҚБ жариялаған Transition Report 2016–2017 атты материалда елден капиталдың шығарыла бастауынан посткеңестік елдердің валютасы әлсіреуі мүмкін деген болжамдар айтылған. Бірақ 2016 жылғы құлдыраудан кейін мұнай бағасының қайта қымбаттауына байланысты рубль мен теңге соңғы үш айда нығайып келеді. Дегенмен Қазақстанда ұлттық валютаның нығаюы уақытша құбылыс қана деген қауесет бар. Алдағы девальвация қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

–Егер мұнай бағасы қазіргі деңгейде сақталса,  дамушы нарықтан капиталдың кетуі әбден мүмкін. Бірақ соңғы айларда мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстан мен Ресей секілді мұнайға тәуелді мемлекеттердің ұлттық валютасын нығайтты. Бүгінде мұнайдың қазіргі бағасы сақталатын болса, аталған елдердің валюталары девальвацияға ұшырамайды. Әзірге, теңге мен рубльдің курсы мұнай бағасымен теңесіп келе жатыр.

Бірақ Ресей билігі үшін рубльдің әлі де әлсірегені тиімді, сол үшін де РФ девальвация жасауы мүмкін. Ал Қазақастанда не болатыны үкіметке және мұнай бағасына байланысты.

— Егер Ресей рублі өздері айтқандай 10 пайызға құнсызданатын болса, бұл теңгеге әсер етеді ме?

– Әрине, жоқ. Ресейдің іс-әрекеті бөлек те, Қазақстандікі бөлек. Бұл екі мемлекеттің инфляцияға қатысты жоспарлары да, ақша саясаты да  екі түрлі. Сондықтан валюталарының да динамикасы әртүрлі болады деп ойлаймын. Соңғы рет болған Қазақстандағы девальвация да Ресейдегіден әлдеқайда кеш болды.

— Бірақ бәрібір болды ғой. Монетарлы билік өкілдері шекарамыз ашық болғанына қарамастан, 8 ай бойы рубль құнсызданып жатқанда теңге курсын бірқалыпта ұстап отырды. Дәл сол кезде өндірушілеріміздің не істерін білмей дал болғаны әлі де есімізде.

– Одан бері теңге еркін айналымға өтті емес пе?! Баға мен валюта курсы бақыланып, реттеліп отырса не болатынын барлығы жақсы біледі. Егер валюта нарықтағы  бағадан жоғары болса, онда ақпарат бұрмалана бастайды. Бұл жерде ең дұрыс шешім инфляциялық реттеу мен теңгенің еркін курсы. Осы жылғы инфляцияның деңгейі жоспарлағандай 7,5 пайыз болып қалады деп үміттенеміз.

— Transition Report зерттеуінде Қазақстан Румыниямен қатар банк балансын тазалауды нәтижелі жүзеге асырды деп айтылған. Бірақ банктерді құтқару үшін мемлекетке 2 трлн теңге бөлуге тура келді, яғни 6,5 млрд доллар. Үкімет көмектің жалпы көлемін қандай талаптарға сүйеніп есептеп отыр? Мысалы, Fitch-тің пікірінше, Ресей банктерге қажетті сомадан 8,6 млрд долларға артық ақша жұмсаған екен.

— Егер банктердің капиталы жеткіліксіз болса, олар экономиканы қаржылық ресурспен қамтамасыз ете алмайды. Ал бұл сәйкесінше экономкалық өсімге кедергі келтіреді. Сондықтан, батыс пен шығыс елдерінде дағдарыс кезінде немесе одан кейін мемлекет әлде акционерлер, кейде тіпті салымшылар банкке көмектесуі керек болады. Бұған келудің бірнеше жолдары бар. Мысалы, Еуроодақта акционерлерді айтпағанның өзінде кредиторлар да банкті рекапитализациялауға қатысады. Бірақ көптеген елдерде мемлекет көмектеседі.

— Одан бөлек, Исландия банктерді құтқарудан бас  тартты емес пе?! Неге солай жасамасқа?

– Исландиялық банктердің салымшыларының көбісі ел аумағынан тыс жерде. Шындығында олар Британиядағы салымшыларына төлем жасаудан бас тартты. Одан бөлек, бұл банктерге қажетті көмектің көлемі Исландия үкіметінің мүмкіндігінен едәуір көп болды. Яғни, ондағы жағдай Қазақстандағы ахуалдан мүлдем бөлек.

Сіздерде банктерді рекапитализация жасамаса, экономикалық өсімнің тоқтап қалу қаупі бар. Сондықтан Қазақстан үшін тиімді жол исландиялық емес, мысалы шведтердің жолы. 1990-жылдары  Швеция банктері қайта құрылып, «жақсы» активтер «жақсы банктерге, ал проблемалы активтер asset management компаниясына  (активтерді басқаратын компания) бөлінеді.

— Соңғы жылдары Қазақстан нарығынан ресейлік банктерден басқа барлық шетелдік банктер кетіп қалды. Бұл нені білдіреді?

– Бұл тек Қазақстанның ғана емес барлық экономикасы дамып келе жатқан елдердің проблемасы. Шетелдік банктердің кетуіне екі себеп бар. Біріншіден, көпшілігінің бас банкінде қиындықтар туындағандықтан, капиталын арттыру үшін активтерін сатып жатыр. Екінші себеп – дамушы елдердің, әсіресе, мұнайға тәуелді елдердің экономикалық өсімінің баяулауы.

— Бізге берген бір сұхбатыңызда жақында Қазақстан жан басына шаққандағы табыс мөлшері бойынша Ресейді басып озуы мүмкін деген едіңіз. Мұндай ойға келуіңізге не себеп болды?

– Егер ХВҚ-ның қысқа және ұзақ мерзімді болжамдарын алып қарасақ, егер Қазақстан «100 қадам»  бағдарламасын жүзеге асырса, 4 пайыздық өсім көрсетуі мүмкін. Ал Ресейде бұл көрсеткіш — 1,5 пайыз. Сондықтан Қазақстан Ресейді артқа тастауы мүмкін.  Әрине, көп нәрсе капиталдың келуі мен кетуіне, валюта курсына байланысты.

— ЕАЭС-тің Қазақстан экономикасына қалай әсер етіп жатыр?

– Интеграциядан бірін-бірі толықтыра алатын мемлекеттер ғана пайда көреді. Ал экономикасы ұқсас мемлекеттер үшін ол тиімсіз. Қазақстандық экономиканың Ресейге тәуелділігіне келер болсақ, Ресейдің экономикалық өсімінің әрбір пайызы Қазақстанның ЖІӨ-нің 0,2-0,4 пайызға өсуіне себеп болады. Мұндай байланыс көрші елдер үшін қалыпты жағдай, әрісере, шекара болмаса.

— Осындай тығыз қарым-қатынасқа қарамастан Ресейдің Қазақстанда ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалары жоқ, ал Қытайдың жобалары бар.  Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасында Қазақстанның белсенділігі жоғары.  Көптеген салаларда екі елдің байланысы одан әрі нығайып жатыр, әсіресе, көлік-логистика саласында. Бұл болашақта Қазақстандағы Ресей мен Қытай мүддесінің қарама-қайшылығына әкеп соғуы мүмкін бе?

– Меніңше, екі елдің ресми билік өклідері еуразиялық кеңістікте бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жиі айтады. Қытай үшін «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасы негізгі жоба. Өзіңіз білетіндей ол Таяу Шығыс пен Еуропаны да қамтиды. Біздің бұл бағдарламаға қатысқанымыз тиімді. Қазақстан мұқитқа шыға алмайды. Сол жағынан алып қарағанда еуропалық, қытайлық, ресейлік нарықпен инфрақұрылымдық байланыс орнату экономикалық өсімнің негізгі стратегиясы.

— Сарапшылар қытай өндірісі мен инвестициясының көлемі шектен тыс екенін айтады.   Осыны ескерсек, Қытайға сенгеніміз қаншалықты дұрыс? Қытай экономикасы өсімінің баяулағаны біздің металлургиямызға әсер етіп үлгерді…

– Бұл бүкіл әлемді толғандырып отырған қауіптің бірі. Біз әлемдік экономиканы сөз еткенде осы жағдайларға тоқталмай өтпейміз. Расымен де соңғы 10 жылда Қытай экономикасы әлсіреп келе жатыр, дегенмен кредиттеу төмендеген жоқ. Яғни, үкімет те, банктер де экономиканы бірден әлсіретіп алудың жақсы емес екенін түсінеді. Қытайда соңғы он жылда мекемелер мен үй шаруашылығын кредиттеу бұрын болмағандай дәрежеде кеңейді. Мысалы, 10 жыл бұрын мұндай қарыз ЖІӨ-нің 100-120 пайызын құраса, қазір ол 220 пайызға жеткен. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Ол әрі қарай да өсе бермейді әрине. Сондықтан экономикалық өсімнің баялауы міндетті құбылыс болып көрінеді.

Бірақ Қытай үкіметі бұл қауіп-қатерді мойындап отыр және оның алдн алуға қытайлықтардың ресурсы жеткілікті. Демек, экономикалық өсім күрт төмендеп кетпейді, біртіндеп-біртіндеп жүзеге асады. Одан бөлек мынадай да көзқарастар бар. Қытайдағы өндіріс көлемінің шеткен асып кетуі оны шетелге инвестиция құюға мәжбүрлеп отыр. Қытайлық мамандар Жаңа Жібек жолының қайта жаңғыртылуын осымен түсіндіреді.