Банкті сотқа берсем бола ма?

2656
Фото: 1Bankrot.ru

Мен кәсіп ашуға кредит алуға болатынын естідім. Алып беретін адамдар барын естіп, іздеп жүріп тауып алдым. Олар алып бере алатынын, бірден 100 мың теңге беру керектігін айтты. 100 мың теңге бердім. Олар бұдан кейін «кредит алу үшін алдымен тұрыстық тауар алуың керек» деді. Банкке барып шаңсорғыш алдым. Оны рәсімдеп беретін адам алып кетті. Сол күйі әлгі адамда таппай қалдым. Телефонынан басқа ештеме жоқ. Қолхат ештеме алмағам. Банк кредит төлеуімді талап етіп отыр. Не істесем болады банкті сотқа берсем ба, әлде телебағарламаға қатысып, банкті кінәласам кредитім жабыла ма? Алаяқтарға кредит бергені үшін кінәлі солар деп ойлаймын.

Гүлжан, әлеуметтік желі арқылы жіберді

Жауап:

Өкінішке қарай бірінші кінәлі өзіңіз. 3 млн кредитті қалай алуға болатынын, талаптары қандай екенін анықтауыңыз керек еді. Оны қазір екінші деңгейлі банктердің кейбірі немесе «Даму» қоры және басқа жобалар арқылы алуға болады. Ол үшін алаяқтарға емес, тікелей бизнеске кредит беретін ұйымдарға барғаныңыз жөн еді.

Кредит рәсімдеп беремін, танысым бар дегеннің бәрі алаяқ. Бұл заңсыз қызмет.

Оның алаяқтығын анықтау қиын емес еді. Алдымен тұрмыстық тауар алсаң, сосын бизнес үшін кредит бере салады деген қате ақпарат. Ол кредит тарихыңызға әсер етуі мүмкін, бірақ, екеуінің талаптары екі түрлі. Тағы бір ескере кететін жайт кредит рәсімдеу кезінде банкке өзіңіз барғаныңыз сөзсіз. Өйткені әдетте алаяқтар «менеджермен таныспын, барып алдына отырсаң, береді» деп сендіреді. Сіз өзіңіз барып, менеджерге құжат беріп, өтініш толтырасыз. Менеджер оны арнайы жүйеге енгізеді. Жүйе сіздің кредит беру талаптарына (жалақыңыздың көлемі, зейнетақы түсіміңіздің болуы, жасыңыз т.б) сай келетініңізді ескеріп барып кредит беру немесе бермеу туралы шешім қабылдайды. Яғни кредит беру банктерде автоматтандырылған. Менеджер шешім қабылдамайды. Ол құжатты рәсімдеуші ғана.

Алаяқтар құны төмен тауарды кредитке рәсімдетуге тырысады.

100 мың теңге үшін қолхат, ол кісінің құжаттарының көшіресін алуыңыз керек еді. Банкке өзіңіз барсаңыз, өзіңіз құжат өткізіп, шарт жасассаңыз, өзіңіз өз қолыңызбен ақшаны санап алсаңыз немесе кредитке тауар алсаңыз банк Сізден сұрайды. Банкті сотқа беру Сіздің құқығыңыз. Телебағдарламаға қатысып, кінәлауға да құқығыңыз бар. Бірақ, егер банктікі дұрыс болса, жалған ақпарат бергеніңіз, имиджіне нұсқан келтіргеніңіз үшін сотқа шағымдануға құқығы бар. Бұл істе ең алдмен алаяқтың үстінен шағым түсіріп, заң арқылы жауапқа тартуға тырысқаныңыз жөн. Егер іс қозғалған жағдайда мұның банкке қатысы бар-жоғын анықтау қиын емес.