«7-20-25»: ең көп сатылған пәтерлер белгілі болды

20
Фото: blankdok.ru

Алматы. 13 тамыз. 7kun.kz – «7-20-25» бағдарламасы аясында беріліп жатқан пәтерлердің орташа аумағы 62 шаршы метрді құрады, деп хабарлайды «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ баспасөз қызметі.

62 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтерлер «7-20-25» бағдарламасы аясында сатылымның үздігі атанды. Ал тұрғын үйдің орташа бағасы 14 миллион 68 мың теңге.

Несие алушының орташа жасы да белгілі болды. Ол – Қазақстан Республикасының 24-40 жас аралығындағы азаматы. Оның айсайынғы жалақысы отбасына 200 мың теңгені құрайды.

«Біз банк тарапынан мақұлданғанын күтетін өтінімдердің көп екенін көрдік. Бұл «7-20-25» бағдарламасының әлеуметтік маңыздылығын, өзектілігін көрсетеді», — деді «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

Оның айтуынша, бағдарлама бойынша жылдық 7% пәтерді жалдап тұрғаннан арзан түседі.

«Мұнымен қоса, несие алушы өз үйінде тұрады, енді ол пәтерді жалдамайды. Бұл шынымен өте жақсы ғой», — деді Қайрат Алтынбеков.

13 тамыздағы жағдай бойынша қазақстандықтардан 15,4 млрд теңгеге 1323 өтінім келіп түскен. Олардың 843-ін банк мақұлдады және жалпы сомасы 9,7 млрд теңге болды.

Қазіргі уақытта тұрғындар ЦентрКредит, АТФБанкі, Bank RBK және ЦеснаБанкінен ипотекалық несие ала алады.