Ақтөбеде омарташылар кооперативі пайда болды

Ақтөбеде омарташылар кооперативі пайда болды
Көрнекі сурет fermers.kz сайтынан алынды.

Алматы. 6 маусым. 7kun.kz — Ауыл шаруашылығының өзгеше бағытын дамытуды көздеген ақтөбелік омарташылар іріленген кооперативке бірікті, деп хабарлады 24.kz.

Александр Сенацкий омартаның ортасында жүргеніне 30 жылға таяған. Бүгінде тәжірибелі омарташының маусымына 3,5 тоннаға дейін бал беретін 60 ара ұясы бар.  Бір кооперативке бірігуді қолдаған Ақтөбенің 34 омарташысы өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Әкімдік тарапынан да қолдау бар.

Жақын уақытта өңірдегі балара ұясын он есе арттыру жоспарланған.

-Біз бір кооперативке біріккенде бәсекелестер емес, ниеттестер екенімізді түсіндік. Бір бірімізбен тәжірибе алмасамыз. Үйретіп отырамыз. Егер қаржылай көмек болса, кооперативтің дамуына қосамыз және қажетті құрал-жабдықтар аламыз. Бірінші кезекте қозғалмалы омарта жасайтын техника қажет. Жергілікті билік: «Омарташыларды қолдаусыз қалдырмаймыз», – дейді «Ақтөбе омарташылары» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Александр Сенацкий.

Әрбір ара ұясына мемлекет 20 мың теңге көлемінде субсидия бөледі. Жергілікті нарық біртіндеп отандық өніммен толық қамтамасыз етіледі. Балды өңдеу цехі ақтөбелік сауда сөрелеріне алғашқы өнімдерін жолдап та үлгерді. Ал келесі оқу жылынан бастап мектептерге шағын қаптамаларға құйылған бал жеткізілмек. Мамандар: «Табиғи антибиотиктің өскелең ұрпақтың денсаулығына пайдасы зор», – дейді.