Алматы. 7 маусым. 7kun.kz - Алматының қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты БТА банктің бұрынғы басшылары Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластарына үкім шығарды.
Банктің басқарма төрағасы болған Сәдуақас Мәмеш пен кредиттік комитеттің төрағасы Жақсылық Жәрімбетов 5 жылға шартты түрде сотталды. Оларға үш жылға дейін банк саласында қызмет атқаруға тиым салынды. Ал банктің кредиттеу бойынша директоры Қайрат Садықов 15 жылға сотталып, колонияда жазасын өтейтін болды.
Дүние-мүлкі тәркіленіп, үш жылға дейін банк саласында қызмет атқаруға тиым салынды. Ол бірден сот залынан қамауға алынды. Үшеуіне де 300 АЕК айыппұл салынды. Қ.Садықовтың адвокаты Күрішбек Тәңірбергеновтың айтуынша олар үкіммен келіспейді, алдағы уақытта шағым түсірмек. Әблязовтың өзі сырттай 20 жылға сотталды. Дүние-мүлкі тәркіленуі тиіс.
Айта кетейік, сот процессі 3 сәуірде басталған еді. Әблязов пен сыбайластары қылмыстық топ құру, басқару, БТА банктен ақша ұрлау, оны заңдастыру, банк қаражатын пайдалану, қызмет бабын асыра пайдалану бойынша айыпталды.
Тергеу ұрланған қаражаттың зейнетақы жинақтары, Қазақстан азаматтарының жеке салымдары, шетелдік қаржы институттары берген займдар екенін анықтады. Әблязовты тек Қазақстан ғана емес, Ресей де $5 млрд ұрлағаны үшін айыптап отыр. Ал Қазақстан оны $7,5 млрд ұрлады деп айыптайды.