Күнгейлік өнертапқыш «Qazaq Arbasy»-н ойлап тапты

Шымкент. 17 тамыз. 7kun.kz —  Оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Еркінбек Бөкебаев дәстүрді сақтап қалудың тың үлгісі ретінде қазақтың ескі пішіндегі арбасының үстіне киіз үйді қондырған жылжымалы дүңгіршек — «Qazaq Arbasy»-н ойлап тапты. Ол үшін соңғы үлгідегі заманауи материалдар жұмсалды және олардың көпшілігі шетелден арнайы тапсырыспен сатып алынды. Арба қазақтың қымыз-қымыран секілді ұлттық сусындарын сатуға арналған. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өнертапқыш алғашқы арбасын 2011 жылы жасауға кірісіпті. Бірінші нұсқасы жеміс-жидек сататын арба болды. Оны 2014 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Сарыағаш ауданына іссапармен келген кезде көрген. Сонда өнертапқыштың туындысын жоғары бағалаған Президент оған «Qazaq Arbasy» деген атау берді.

Киіз үй пішіндес түрі «Qazaq Arbasy»-ның соңғы нұсқасын Еркінбек Тәженұлы 8 айда ойлап тапқан 5-6 түрінің ішінен таңдады. Бұл арбаны жасап шығару үшін өнертапқыш 5 млн теңге қаражат жұмсады. Мәселен, 100 ватт электр энергиясын беретін күн батареясы — АҚШ-тың өнімі. Оның ерекшелігі — салмағының жеңілдігінде. Бар-жоғы 2,5 кг. Сондай-ақ, киіз үйдің сырты шыны мақтадан жасалған арнайы торлы матамен көлегейленген. Ол арбаның өзін және клиенттерді күн көзінен қорғау үшін қажет. Мұны да өнертапқыш АҚШ-тан әкеліпті. Бұл матаның артықшылығы, күннен келетін ыстықтың 95 пайызын кері қайтарады. Бұдан бөлек, 350 литр ұлттық сусындарды сақтауға шақталған тоңазытқыш орнатылған. Оны да өнертапқыш өзінің сызбасы бойынша Алматыдан арнайы жасатып әкелген. Сусындар тоңазытқышта сақталады, босаған ыдыстарды шаятын кәдімгі қолжуғыш бар. Одан күніне 30 литр таза су ағады. Мұның санитарлық-гигиеналық тазалықты қамтамасыз етуге септігі зор. Сонымен қатар, арба үстіндегі дүңгіршек қазақтың дәстүріне сай ерекше дизайнмен жасалған.