Ұлттық банк Қазақстанда криптовалютамен есеп айырысуға тыйым салуды ұсынады

инфляция
Фото: kapital.kz

Алматы. 25 қазан. 7kun.kz — Қазақстан Ұлттық банкі үкіметке криптовалютаға қатысты бірқатар ұсыныстар жіберді. Оның ішінде криптовалюта түрінде есеп айырысуға тыйым салу көзделген. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде Ұлттық банк басқармасының төрағасы Данияр Ақышев айтты.

Оның сөзінше, криптовалютаның жөнді эмитенті, бірыңғай орталықтандырылған органы жоқ.

«Бұл құрал ешнәрсемен кепілдендірілмеген. Оның құны тек алып-сатарлық операцияларға негізделген. Сондықтан криптавалютаны инвестициялауды қалайтын адамдардың активтерінің сақталуын ешкім жауапкершілікке алмайды. Егер бұл жағдай әрі жалғасатын болса, оған инвестиция салғандардың xалі не болмақ? Олар мемлекетке келіп «неге уақытында ескерпедіңдер» деп айтуы мүмкін деп ойлаймын. Сондықтан қазірден мұндай операциялар қауіпті екенін ескертемін», — деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы соған қарамастан бірақатар орталық банктер қазір өздерінің криптовалюталарын шығаруды қарастырып жатырғандығын айтады.

«Әлемде әлі бұл бағытта іске асырылған тәжірибені көрген жоқпыз. Сондықтан біз бұл мәселені терең зерттейміз», — деді ол.

Ол сондай-ақ, кәсіби тұрғыда қарастырғанның өзінде криптовалютаның не екенін әлі дұрыс түсінбейтінін айтты. Сондықтан болар ол баспасөз мәслихаты кезінде қазақстандықтарға криптовалютамен жасалған операциялардың қауіпті екендігін ескертіп өтті.