Илон Маск Tesla компаниясының банкротқа ұшырағанын хабарлады

Маск
Фото: Mir24.tv

Алматы. 2 сәуір. 7kun.kz — Илон Маск 1 сәуір күні Tesla компаниясының банкротқа ұшырағанын жазып, желі қолданушыларымен әзілдесті, деп хабарлайды korrespondent.net.

Компания басшысы өзінің Twitter желісіндегі парақшасында Tesla компаниясының банкротқа ұшырағанын жазды. Кейін оның осылайша желі қолданушыларымен әзілдескені белгілі болды.

«Пасха жұмыртқасын сатудан түскен ақшаға қарамастан, Tesla компаниясы толықтай банкротқа ұшырады. Қаншалықты шығынға батқанын сіздер тіпті елестете де алмайсыздар», — деп жазды Маск.

Сондай-ақ, ол АҚШ-тың банкрот туралы бірнеше кодексі барын атап өтіп, Tesla компаниясының осы құжатта аталғандардың барлығына сай шығынға батқанын жазды.

Кейін компания басшысы банкрот деген жазуы бар картон қағазды ұстап суретке түсті.

«Илон Tesla Model 3 жанынан ес-түссіз күйде табылды. Көз жасы қатып қалған екен. Сондай-ақ, жанында «Teslaquilla» бөтелкелері жатыр», — деп жазды суреттің тұсына Маск.

Кейін жоғарыда жазылғандардың барлығы 1 сәуір — күлкі күніне арналған әзіл екені белгілі болды.