Теңге екі күн ішінде 1,8 пайызға әлсіреді — Данияр Ақышев

Теңге
Фото: 365info.kz

Алматы. 11 сәуір. 7kun.kz — Еркін өзгеру режимінде теңге бағамы ішкі және сыртқы факторларға байланысты болады. Олардың оң серпіні ішкі валюта нарығындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Теңге бағамы іргелі факторлар арасындағы ара-қатынасты толығымен көрсетеді. Ол нығаю жағына, сол сияқты әлсіреу жағына қарай шамалы ауытқумен қалыптасуда. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев айтып берді.

Ұлттық банк басшысы соңғы күндері айырбастау бағамының ауытқуы орын алғанын атап өтті.

«Нәтижесінде Ресей рублінің әлсіреуі аптаның басынан бастап шамамен 10 пайыз болды. Ресей Федерациясы – Қазақстанның негізгі сауда әріптесі. Екі ел Еуразиялық Экономикалық Одақтың қатысушылары болып есептеледі. Бұл екі елдегі процестердің өзара тәуелділігін білдіреді. Нәтижесінде теңге екі күн (9 және 10 сәуірде) ішінде 1,8 пайызға әлсіреді», — деп хабарлады Д. Ақышев.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қазақстан мен Ресейдің ұлттық валюталарының әлсіреу қарқынындағы айырма, біріншіден, Қазақстанға АҚШ санкцияларының қолданылмайтынына байланысты екендігін атап өтті. Екіншіден, Д. Ақышевтың айтуынша, Ресей рублі теңгеге әсер ететін маңызды, бірақ жалғыз фактор емес.

«Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері тұрақты. Мұнайға баға бір баррель үшін 70 АҚШ долларын құрайды. Экономикалық өсу қарқындары жоғары. Төлем балансындағы ахуал жақсаруда. Инфляция нысаналы дәліз шегінде. Әлемдік шикізат нарықтарында тұрақтылық болған жағдайда Қазақстан экономикасы үшін тәуекелдер шамалы деп бағаланады».

Үшіншіден, Қазақстан қор нарығының Ресей нарығымен салыстырғанда өтімділігі жоғары емес. Оның жаһандық қаржы нарықтарына ықпалдасуы аз. Тиісінше, Қазақстан мен Ресейдегі ахуал әр түрлі.

Д. Ақышев, сондай-ақ АҚШ-тың немесе басқа елдердің Ресейге қатысты ықтимал әрекеттерінен Ресейдің қаржы нарығында шиеленістің жалғасуы ықтимал екендігін айтты. Бұл қысқа мерзімді болашақта теңгенің құбылмалылығын сақтауға апарады.

«Қазақстанның барынша жақсы макроэкономикалық көрсеткіштерін ескере отырып, теңгенің құбылуы әлсіреу жағына да, нығаю жағына қарай да орын алуы мүмкін. Бағамның ағымдағы құбылмалылығының нарықтық және психологиялық сипаты бар. Айтарлықтай ауытқу кезеңінде активтерді шұғыл ауыстыру кейіннен едәуір шығындарға апаруы мүмкін», — деп қорытындылады ҚР Ұлттық банкінің төрағасы.