Данияр Ақышев банк секторындағы ахуал туралы айтып берді

секторындағы
Фото: kapital.kz

Алматы. 26 сәуір. 7kun.kz — 2018 жылы жүйе құраушы екі банкті — Казкоммерцбанк пен Халық банкті біріктіру күтіліп отыр. Шоғырландыру нәтижесінде Халық банкінің банк секторының активтеріндегі үлесі 19,7%-дан 33,7%-ға дейін, кредиттік портфельдегі үлесі – 20,1%-дан 30,8%-ға дейін өседі. Бұл жайлы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев айтып берді.

Ол Ұлттық банк, жалпы алғанда банктерді капиталдандыруды ұлғайтуға және клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі қолданыстағы бизнес-процестерді жақсартуға ықпал ететін банк секторын шоғырландыру бойынша бастаманы қолдайтындығын атап өтті.

Сондай-ақ, Ұлттық банк басшысы «Altyn Bank» АҚ-пен, «Эксим Банк» АҚ-пен, «Астана Банкі» АҚ-пен, «Qazaq banki» АҚ-пен қалыптасқан ахуал туралы айтып берді.

Атап айтқанда, ол 2018 жылғы 5 сәуірде Ұлттық банк China CITIC Bank Corporation Limited-ке (CITIC Bank) «Altyn Bank» АҚ-ты сатып алуға рұқсат бергендігін айтып берді. Бүгінгі күні мәміле аяқталды, 60% акцияларымен CITIC Bank және 40% акцияларымен Халық банкі акционерлері болып есептеледі.

«ЭксимБанк, Астана Банкі, Qazaq Banki кредит портфелі сапасының төмен болуына байланысты өтімділіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етумен қиыншылықтарды басынан кешіріп отыр. Сондықтан, үш банкте клиенттер алдындағы міндеттемелерді уақтылы орындау шектеулі. Қазіргі кезде осы банктердің қызметіне қадағалау күшейтілген режимде жүзеге асырылады», — деді Д.Ақышев.

Ол, Ұлттық банк аталған үш банктің қаржылық жағдайына мониторингті жүзеге асырады және банктің менеджментімен және акционерлерімен жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шараларды пысықтау бойынша келіссөздер жүргізіп отырғандығын атап өтті.