АДБ жол құрылысын 1,8 млн долларға қаржыландырады

қаржыландырады
Фото: Kapital.kz

Алматы. 5 мамыр. 7kun.kz — Азия Даму Банкі (АДБ) Қазақстанның оңтүстігінде жол салу үшін концессиялық жобаны қаржыландырады. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігі хабарлады.

«Оңтүстік Қазақстан облысының автокөлік жолдарының құрылысы мен қолдануы» концессиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында ИДМ, АДБ және «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС (Бәйтерек мемлекеттік холдингінің еншілес компаниясы) техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға сәйкес берілетін грант көлемі 1,8 млн АҚШ долларын құрап отыр.

«Оңтүстік Қазақстан облысының автокөлік жолдарының құрылысы мен қолдануы» концессиялық жобасы Шымкент пен Сарыағаш қалаларын айналып өтетін төрт жолақты жол салуды және оны концессионерге қолданысқа беруді қарастырады. Сонымен бірге, бірыңғай транзиттік дәліз құру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының аталмыш айналып өту жолдарын біріктіретін қолданыстағы жолдарды басқаруды концессионерге беру қаралған.

Жоба құрамына Шымкент қаласының Солтүстік (36 км) және Оңтүстік-Батыс (56 км) айналып өту жолдары, Сарыағаш қаласын айналып өту жолы (48 км), Шымкент-Ташкент (72 км) а/ж, Жизақ-Сарыағаш-Жібек жолы (42 км) кіреді. Жобаны дайындау кезеңінде Шымкент қаласының Оңтүстік-Батыс айналып өту жолы (56 км), Сарыағаш қаласын айналып өту жолы (48 км), ұзындығы 42 шақырым Жизақ-Сарыағаш-Жібек жолы а/ж қайта құрылады. Болжамды құны — 100 млрд теңге. Қолданысқа беру кезеңінде күтіп ұстау және техникалық қызмет көрсету жұмыстарымен барлық 254 км жол қамтылатын болады. Осы жұмыстарға 10 жылдың ішінде 50 млрд теңге қаржы құйылады.

2018 жылы Сарыағаш қаласын айналып өту жолының ТЭН-ін мемлекеттік сараптамасын алып дайындау жоспарланған. Сондай-ақ, биыл конкурстың құжаттамасын әзірлеу және оған МЖӘ-ң сараптамасын алу көзделген.

2018 жылғы 4 тоқсанда конкурсты жариялау жоспарланып отыр.