А.Есімов: Баспана мен көлік мүлік ретінде сақтандырылуы тиіс

Алматы. 23 шілде. 7kun.kz — Алматы әкімі Ахметжан Есімов Мәслихат сессиясында сел кезінде су қоймасының алабындағы үйлер мен жер заңнамасының талаптары бойынша салынбаған баспаналардың зардап шеккенін мәлімдеді.

А.Есімовтің айтуынша, селдің салдарынан зардап шеккен үйлердің басым бөлігі — жер заңнамасының талаптарын бұзу арқылы бой көтерген баспаналар. Бүгінгі таңда селге байланысты қалада төтенше жағдайдың жарияланғаны белгілі, енді соған байланысты зардап шеккендерге белгілі бір сома төленеді.

«Қорда 679 миллион теңге бар, бірақ Мәслихаттың сессиясында оны 2 миллиард теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылданды. Алайда ол соманың барлығы апаттың салдарынан келген шығынды өтеуге жұмсалады дегенді білдірмейді», — деді А.Есімов.

Әкімнің айтуынша, үй мен көлік мүлік ретінде сақтандырылуы керек, сондықтан айтылған сома зардап шеккендерге «үлестіріледі» деп ойлау жаңсақтық.

Айта кетелік, Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзеніндегі су тасқынының көбеюі туралы ақпарат 03.00-те келіп түскен.

Алматының Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандары сел салдарынан зардап шекті. 600-ге жуық адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді.