А.Мамытбеков: Қазақстанда баға ырықтанған соң нан «кез келген жерде» сатылады

Баға ырықтанған соң нан тұрғындар жаяу барып ала алатын «кез келген жерде» сатылатын болады. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеді деп хабарлайды ҚазТАГ.

«Келешекте, баға мемлекет тарапынан реттелмейтін уақытта, бәсекелестік дамып, көптеген елдердегідей нан мен бөлке өнімдерінің өндірісі бәсекелес бизнес болады. Олар қазіргі дәріханалар сияқты әр бұрышта, тұрғындар жаяу барып сатып алатындай жерде пісірілетін болады. Қазіргі кезде бізде сатылып жатқан кеңестік кезеңдегі 600 грамдық бөлке нан болмау керек, себебі нарықтың сұранысы да, талғамы да әртүрлі», — деді министр сейсенбі күнгі брифингте.

Оның айтуынша, бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін 600 грамдық әлеуметтік нан бағасы бірден көтерілмейтін болады.

«Бірінші сұрыпты наннан басқаларының бағасы реттелмеген болатын. Қымбаттайтын нандар бұрында-ақ қымбаттап кетті және оны мемлекет реттемейді. Егер бірінші сұрыпты нанның бағасын аймақтар бойынша талдап көрсек, баға әртүрлі. Тіпті, 50%-ға дейін баға айырмашылығы бар. Кейбір жерерде нан бағасы 40-45 теңге болса, басқа жерлерде 65-70 теңге», — деді ол.

Министр әлеуметтік нанның бағасы 2007 жылдан бері өзгеріссіз келгенін еске салды.

Ал «Астана наны» ЖШС-ның коммерциялық директоры Әбдірахым Төлендиев Астанада бірінші сұрыпты қалыпты нан бағасы 2016 жылы 1 қаңтардан бастап 80-90 теңгеге көтерілетінін жеткізді. Ол нан бағасы 1 кг ұнның көтерме бағасымен тең болу керек деп есептейді.

«Мысалы Ресейде бір бөлке нан 30-33 рубль тұрады. Біздің ақшамен есептегенде 150-200 теңге», — деді Ә. Төлендиев.