«Ақтөбе ферроқорытпа» зауыты өнімінің 97%-ын әлемнің 40 еліне экспорттайды

2000-нан астам жұмысшысы бар «Ақтөбе ферроқорытпа» зауыты жұмыс орындарын сақтап қалады, деп хабарлады  www.24.kz.

Шығарылатын өнімнің сапасы халықаралық талаптарға сай болғандықтан, сұраныс азаймаған. Сондықтан өнім көлемін азайту мәселесі де туындамайды. Жарты ғасырдан астам тарихы бар алып зауытта жылына 100 мың тонна хром өңделеді. Әнуар Қобдабаев балқытушы болып жұмыс істейді. Металлург мамандығы қажырлықты қажет етеді, — дейді жас маман. Жұмысы тұрақты, жалақысы уақытылы. Кәсіпорын әлеуметтік қолдау көрсетеді, медициналық сақтандыру, сауықтыру шаралары бәрі қарастырыған.

«Жұмыс ұнайды, бұл жұмысқа шыдамдылық керек бірінші талап, мінез керек. Ыстық процесстер болғандықтан, жұмыс оңайға тимейді, нағыз ер жігіт болуы керек бұл жұмыста», — дейді зауыт балқытушысы Әнуар Қобдабаев.

Зауытта хром қосындыларының 6 түрі шығарылады. Дайын өнімнің 97%-ы әлемнің 40-тан астам еліне экспортталады. Франция, Жапония, АҚШ және Италия сынды мемлекеттермен тұрақты әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Кәсіпорында жыл сайын жаңа жобалар іске асырылуда. Мысалы биыл №2 цехта жаңа пешконвейер орнатылды. Осының бәрі экспорттың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Ұлттық валютаның еркін айналымға жіберілуі қажеттіліктен туындаған шара деп ойламын. Нақты біздің өндіріске біраз мүмкіндік беріп отыр. Мысалы феррохром өнімі бәсекеге қабілетті болады. Өнім өтсе, кіріс те көбейеді. Жұмыс орындары сақталады, тұрақтылық болады», — деді  зауыттың кәсіподақтар ұйымының төрағасы Бақтыкерей Қабанов.

Зауытта іске асырылған баламасы жоқ жоба — № 4-цехтың салынуы. Металлургтер цех дегенмен, бұл толықтай автоматтандырылған өз алдына дербес зауыт саналады. Мұнда жылына 440 мың тонна феррохом өндіріліп, экспортқа шығарылады.

www.inform.kz