Ақтөбеде сапасыз жанармайдан 10 көлікке зақым келді

583
Ақтөбеде сапасыз жанармайдан 10 көлікке зақым келді

Ақтөбеде сапасы нашар жанармайдың кесірінен он автокөлік істен шықты. Жағдай «Ростанефть» жанармай құю бекетінде 17 наурыз күні кешке орын алған.

Аталған бекеттен 92-маркалы жанармай құйған 10 көлік 200 метрден артық қашықтыққа жүре алмай қалды. Автокөлік жүргізушілері болған оқиғаға наразылықтарын білдіріп, сапасыз жанармайдан келген зақымды өтеуді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, жанармайдың құрамында артық қоспалар, мәселен, солярка немесе су болуы мүмкін деп отыр. Компанияның өзі де артық қоспалардың бар екендігін жоққа шығармады. «Ростанефть» ЖШС заңгері Болат Майсутов соңғы ақпараттар барысында жанармай цистернасына жылы су құйылып кеткені анықталғанын жеткізді. Қазіргі таңда цистернадан алынған үлгілер зертханаға жіберілді. Алдағы аптада нәтижелері белгілі болады. Егер жүргізушілер кеңсеге өтініш білдіретін болса, сол жерде оларға келтірілген залал ақысы төленетін болады. ЖҚБ компаниясына жанармайды ресейлік Орск қаласынан тасымалдайды.

Бұрын ҚР энергетика Министрлігінің басшысы Владимир Школьник сапасыз жанармай сатушылармен күресу керектігін айтқан болатын. «Егер сапасы нашар жанармай құйылған болса, қоғамдық ұйымдарға шағым түсіру керек. Кейін сол ұйымдар жанармай бекетіне барып, егжей-тегжейіне дейін анықтау керек. Кім қосты, не қосты деген мәселелердің шешімін табу қажет. Жанармай жетіспеген уақытта, әрине, қосатын болады. Тіпті 80-маркалы жанармайды 92-маркаға айналдыруы да ғажап емес», -деді парламентте энергетика Министрлігінің басшысы.