Ақышев: Ұлттық валютамен кредиттер 9,4 трлн теңгені құрады

173
Ақышев
Фото: Ұлттық банк сайты

Алматы. 26 сәуір. 7kun.kz —  Мемлекеттің ақша-кредит және фискалды саясатын үйлестіру экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі болып есептелінеді. Бұл жөнінде 25 сәуірде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасын ҚР Парламентінің Сенатында қарау кезіндегі баяндамасымен сөз сөйлеу барысында айтып берді деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі. 

«Ұлттық Банк инфляциялық таргеттеу саясатын жалғастыруда және теңгенің айырбастау бағамының еркін режимін ұстауда. Ұлттық Банктің негізгі басымдығы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Ұлттық Банктің шаралары жылдық инфляцияны белгіленген дәлізде ұстап тұруға бағытталған», — деп айтты Д. Ақышев.

Ол ағымдағы жылғы наурызда жылдық көрсеткіш бойынша инфляция 6,6% болды, ол 2018 жылға белгіленген 5-7% дәлізге сәйкес келеді. 1 тоқсанда ол 1,8% болды. Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңдегі деңгейден төмен.

«Халықтың инфляциялық күтуі төмендеуде. Халық арасында жүргізілген пікіртерім нәтижелері бойынша бір жыл алға күтілетін инфляция 2017 жылғы желтоқсандағы
7,1%-дан 2018 жылғы наурызда 5,8%-ға дейін төмендеді. Орта мерзімді перспективадағы қолайлы  үрдістер мен болжамдар ақша-кредит саясатын жеңілдетуге ықпал етті», — деді Ұлттық Банктің басшысы.

Д. Ақышев 16 сәуірде базалық мөлшерлеме 9,25% біржақты мәнге дейін төмендетілгенін атап өтті. Бұл ағымдағы жылғы базалық мөлшерлеменің үшінші рет төмендетілуі.

«1 тоқсанда кредит және депозит нарықтары бойынша деректер оң үрдістердің жалғасуын көрсетіп отыр. 2018 жылғы қаңтар-наурызда банктер берген кредиттердің экономикадағы көлемі 2017 жылғы ұқсас  кезеңмен салыстырғанда 23%-ға ұлғайып,
2,7 трлн теңге болды.  2018 жылғы наурыздың соңында экономикаға кредиттердің көлемі 12,6 трлн теңге болды. Ұлттық валютамен кредиттер 9,4 трлн теңгені құрады», —  деп түйіндеді Ақышев.