Ағылшын тілінде ауызекі сөйлеуді жетілдірудің 7 тәсілі

63
ағылшын
Фото: sxodim.com

Республикада жыл санап шетел тілдерін үйренушілердің де, оларды оқытатын курстардың да саны ұлғайып келеді. Әсіресе, ағылшын тіліне бет бұрғандардың қатары көп. Көп дейміз-ау, бірақ сол адамдардың барлығы ағылшынша тез сөйлеп кете алмайды. Дұрыс жазады, оқиды, барлық сөздерді түсінеді, тек сөйлеу кезінде қиналады. Мұндай жағдайда адам курсқа барып қана қоймай, өз-өзімен жұмыс істеуі керек екенін түсінуі тиіс. Көмек ретінде 7kun.kz ағылшынша сөйлеуді жетілдіретін 7 тәсілді ұсынады.

1.Ағылшынша ойланыңыз

Кез келген тілді тез үйренудің ең тиімді тәсілі — сол тілде ойлана беру. Егер сіз оқиғаны баяндау үшін алдымен өз тіліңізде ойланып, содан кейін ағылшын тіліне тәржімалайтын болсаңыз, біршеме қиындыққа тап болатыныңыз анық. Тіпті, екі және одан да көп тілді меңгергендер өзі біреуінен екіншісіне ауысқанда кідіреді.

Демек, мәселе ойлаудан басталады. Ол үшін үнемі жаттығу керек. Мәселен, бүгін кешке арналған жоспарларыңызды туған тіліңізде емес, ағылшынша ойлаңыз. Бұл ретте сөздік қорыңызды жаңа сөздермен толықтырып отыруды ұмытпау керек. Уақыт өте ағылшынша ойлану арқылы, ауызша сөйлесуді жетілдіруге болатыны байқалады.

2. Сөйлеу, сөйлеу, тағы да сөйлеу

Тіл үйренушілердің көпшілігі «сөздік қорым аз», «ойымды дұрыс жеткізе алмаймын» деген сылтаулармен сөйлеуден қашады. Шындығында, бұлар мидағы вирустар. Оны сыртқа шығарып, өзіңді еркіндікке жіберу керек. Мейлі акцентпен, мейлі қате сөйлеп болсын ауызекі тілді жетілдіру қажет. Сонда ғана тіл сізге бағынады.

Адамның ортасы да оның дамуына әсер етеді. Сондықтан ағылшын тілді достарыңызбен жиі байланысып, сол тілде әңгіме-дүкен құрыңыз. Сондай-ақ, тілді үйренушілердің қауымдастығына қосылсаңыз болады.

3. Талдау

Серіктесіңізбен ағылшын тілінде сөйлескеннен кейін оны талдауға біраз уақыт бөліңіз. Диалог қалай өтті? Әңгіме барысын қаншалықты түсіндіңіз? Қандай жаңа сөздерді естідіңіз? Осылайша шағын талдау жасаңыз. Сол арқылы өз кемшіліктеріңіз мен мүмкіншіліктеріңізді анықтайсыз. Бұл тәсіл адамға келесі әңгімелесу кезінде сенімділікті арттыруға көмектеседі.

4. Тыңдау және оқу

Ауызекі тілде еркін сөйлеу үшін ең алдымен не керек? Әрине, сөздік қор. Көп білген сайын, сөйлеу оңай болады. Ал сол сөздерді жаттау үшін ағылшын тілін тыңдаудан және оқудан жалықпау керек. Мұндай сәтте, фильм тамашалау, радио, музыка тыңдау, кітап пен журнал, блогтарды оқу тамаша шешім болады. Әр түрлі материалдарды оқу және тыңдау кезінде жаңа қызықты сөздерді тауып, оларды жазып алыңыз. Есте тез сақтау үшін күнделікті қолдануды ұмытпаңыз.

5. Өз дауысыңызды жазып алу

Көп адамдарға өз дауысын есту ұнамайды, бірақ бұл бірақ бұл сөйлеу тілін жетілдірудің өте жақсы тәсілі! Әрбір жазба арқылы өзіңіз мән бермеген нәрселерді ұғынасыз, сөйлеу деңгейіңізді анықтайсыз. Сонымен қатар, жазбаны оқытушыңызға немес ағылшын тілінде сөйлейтін адамға тыңдатып көріңіз. Олар өз пікірін айтып, қосымша кеңес бере алады.

6. Сөздерді емес, фразаларды жаттаңыз

Сөйлесу дағдысын жетілдірудің тағы бір әдісі — әңгіме барысында жеке сөздерді емес, әр түрлі сөз тіркестерін пайдалану. Себебі, біз сөздермен емес, фразалармен сөйлесеміз. Мәселен, автоматты түрде «Hello, how are you today?» деп сұраудың орнына, жаңа тіркестерді пайдаланыңыз: «What’s up, man?», «Hey dude!» немесе «How ya doing, mate?».

Дегенмен, фразаларды қолданғанда абай болыңыз. Себебі, кейбір сөз тіркестері бейресми болып табылады және оларды барлық жағдайда қолдануға болмайды.

7. Ләззат алу

Әрбір істі шынайы ниетіңмен, махаббатпен істесең, одан нәтиже шығатын бәрі біледі. Тіл үйренгенде де солай, бар жән-тәніңмен берілуің, меңгеру барысында өзіңді көңілді ұстауың керек. Жалғыз қалғанда ағылшынша әндерді айту, жаңылтпаштарды қайталау немесе ойыңа келген бір тақырыпта әңгіме құрау арқылы сөйлеу қабілетіңізді дамыта аласыз. Аталған тәсіл бір жағынан еш қысылмай, білгеніңіздің бәрін сыртқа шығаруға, екінші жағынан өзіңізбен мақтана алуға көмектеседі.