АХҚО исламдық және «жасыл» қаржыландырудың орталығына айналады

542
АХҚО
Фото: innoros.ru

Алматы. 22 маусым. 7kun.kz — Астана Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) исламдық және «жасыл» қаржыландырудың өңірлік хабына айналады. Бұл туралы Kapital.kz хабарлайды.

Мекеме басшысының айтуынша, ЕҚДБ-мен бірлесіп экологиялық бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Ал исламдық хаб бойынша 2018 жылы 300 млн АҚШ долларын құрайтын сукук бағалы қағаздарын шығару қарастырылып жатыр.

«АХҚО 2020 жылға дейін Орталық Азия мен ТМД елдерінде жергілікті исламдық хаб секілді қолайлы ортаны қамтамасыз етпек. Исламдық қаржыландыруды дамытуға исламдық банк өнімдері, ислам капитал нарығының құралы сукук және басқа да ислам қаржылық құралдары, оның ішінде такафул мен иджара кіреді. 2017 жылдың қыркүйек айына дейін лицензия беру мен реттеу жөніндегі барлық құжаттар әзірленеді. Ал 2018 жылдың қаңтар айынан бастап ислам қаржы компанияларын орналастыру жоспарланып отыр», — деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі «Астана» Халықаралық қаржы орталығының комитеті құрылған. Жаңа комитеттің директорлар кеңесінің құрамына әлемдік жетекші сарапшылар, реттеуші агенттіктер секілді халықаралық АҚШ, Ұлыбритания, Австралия мен Дубай қаржы институттары кіреді. Қаржы қызметін реттеуші комитет тәуелсіз және АХҚО басқарушысы мен басқару кеңесіне ғана есеп беретін болады.

Жеңіс Қасымбек соңғы сөзінде қазіргі кезде АХҚО биржасын құру жұмыстары аяқталғанын айтты. Ғаламдық биржалық көшбасшылар қатарынан стратегиялық әріптестер айқындалды. Нәтижесінде Шанхайлық биржа АХҚО-ның акционері болды. Бұл Қытайдың инвестициялық өтімділігіне жол ашады. Сонымен бірге, америкалық NASDAQ биржасымен АХҚО сауда алаңына жоғары технологияларды енгізу туралы келісім жасалды. Сонымен қатар, NASDAQ биржасы АХҚО биржа капиталына кіру мәселесін қарастырып жатыр.

2017 жылдың төртінші тоқсанында АХҚО биржасы алғашқы саудасын жасауға дайын болады. Бұл «Самұрық-Қазына» активтерін жекешелендіруге және IPO-ға мүмкіндік береді.

Жанболат Ерболатұлы