Ахметжан Есімовтің «Астана ЭКСПО-2017» басшысы болып тағайындалуы көрмені ұйымдастыруды жаңа деңгейге көтереді — сарапшылар

Қазақстанда өткен аптада бірқатар кадрлық тағайындаулар орын алды. Атап айтсақ, Елбасының жарлығымен Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының лауазымына тағайындалды.

Бұл тағайындаудың себебі және ұйым жұмысында не өзгеретіні туралы ORTCOM.KZ порталы саясаттанушылар Данияр Әшімбаев пен Марат Шибұтовтан білді.

Данияр Әшімбаевтың пікірінше, Оңтүстік астананың бұрынғы басшысын «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының басқарушы лауазымына тағайындау көрмеге дайындалу жұмысын жандандыра түсуге мүмкіндік береді.

«Бұл компания үшін елеулі шарушылық және дипломатиялық тәжірибесі бар Ахметжан Есімовтің келуі – дайындық жұмыстарын белсендіре түсудің тамаша мүмкіндігі. Президент сын таққаннан кейін және жемқорлыққа қатысты жанжалдар шыққаннан кейін ол жағдайды ретке келтіріп, ұйым деңгейін жаңа деңгейге көтере алады», — деп атап өтті саясаттанушы.

Онымен әріптесі Марат Шибұтов та келіседі: «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының бүгінгі күнгі негізгі проблемасы – құрылыс қана емес, көрмені толтыратын жобаларды іріктеу және тұжырымдамасын құру болып табылады. Сонымен қатар іс-шараның өзі жергілікті инфрақұрылымға қалай кірігетінін ойластыру қажет – бұл туристтерге арналған көлік, қауіпсіздік, тамақтандыру және қонақүйлер мәселелері». Басқа сөзбен айтқанда бұл түрлі деңгейлердегі ведомствоаралық үйлестіруді, сонымен қатар бизнес пен ғылыми мекемелердің қатысуын талап ететін міндеттер, деп атап өтті сарапшы.

«Осының бәрін жасау еліміздің тәжірибесі зор басқарушының бірі Ахметжан Есімовтің қолынан келеді. Оның бұл үшін стратегиялық ойлауы, байланыстары мен жұмысқа қабілеттілігі де жеткілікті», — деп атап өтті Марат Шибұтов.

Ауқымды іс-шараны табыспен өткізудің мысалы ретінде саясаттанушы Алматыда жыл сайын өтетін гүлдер фестивалін атап өтті. «Күніне оған 200 мыңға жуық адам келеді, сондықтан шараны әдемі әрі қызықты өткізу тәжірибесі бұрынғы Алматы әкімінде жеткілікті», — деп қорытындылады сарапшы.