«Алматы қаласының 1000 жылдығы» логотипінің эскизі конкурсының жеңімпазы анықталды

1025
Алматы
Фото: kapital.kz

Алматы. 10 наурыз. 7kun.kz — Алматы әкімдігі «Алматы қаласының 1000 жылдығы» логотипінің эскизі конкурсының жеңімпазын анықтап, 1 000 000 теңге көлемінде сыйақы берді. Байқауға түскен 123 жұмыстың ішінде «PilotComm» жарнама агенттігінің креативті командасы жасаған жоба жүлдегер деп танылды. Бұл турал қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Конкурстың мақсаты — Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған логотипті жасау және оны өткізілетін мерекелік шараларда символика ретінде пайдалану. Үздік, концептуалды жоба қаланы, қоғамдық көлікті, вокзалдарды, әуежайды, магазиндерді, қонақүйлерді, сувенирлік өнімдерді әрлендіруде қолданылатын болады», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Конкурстың жүлделік қоры 1 000 000 (бір миллион) теңге. Естеріңізге сала кетейік, конкурс 2016 жылдың 22 қаңтарынан 22 ақпан аралығында almatymadeniet.kz ресми порталында өтіп, 123 өтінім түсті.

Конкурстық жобаларға қойылатын басты талап- жобада Алматының мәдени-тарихи дәстүрлері, табиғаты, сәулет ерекшеліктері, заманауи бренді көрініс табуы тиіс болатын.

Атап өтерлік жайт, Алматының 1000 жылдығы ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясының шешімімен 2016 жылы ЮНЕСКО-ның мерекелі және айтулы даталар жөніндегі ресми Күнтізбесіне енген.