Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі марафон өтуде

476
Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі марафон өтуде

Алматы. 23 сәуір. 7kun.kz — Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі спорттық әрі қайырымдылық мақсаттағы алтыншы «Алматы марафоны» өтуде.

Марафон дәстүрлі түрде 08.00-де Бірінші Президент паркінде бастау алды. Биыл марафонға 15 мың адам қатысуда.

Жүгіру шарасын Алматы әкімі Бауыржан Байбек бастап берді. «Мен мұндай шаралардың көп болатынына сенімдімін. Бұл Алматының танымалдылығын арттырып қана қоймай, экономикаға серпіліс береді. Маған жаңа ғана соңғы аптада алматылықтар мен қонақтар спорттықжабдықтарды көптеп сатып алғаны туралы айтты. Мен ол заттардың үйлеріңізде жатпай, жүгіруге, спортпен айналысып, біздің қаламыздың көркін кіргізетіндеріңізге сенемін» деді қала әкімі.

Жүгірушілер әртүрлі бағдарлама бойынша жүгіреді: толық марафон 42 шақырым 195 метр, жартылай марафон 21 шақырым, жүгіру-спутник 10 шақырым, балалар жүгірісі 3 шақырым, командалық эстафета экиден 42 шақырым 195 метр. Сондай-ақ 10 шақырымдық скандинавтық жүріс те болады.

Қазіргі уақытта балалар арасындағы сайыс аяқталып жеңімпаздары белгілі болды. 10-14 жас аралығындағы балалар арасындағы жарыста ұлдар арасында Руслан Аумов, 3 шақырымды 10 минут 49 секундта басып өтіп бірінші орынға ие болды. Тура осындай уақытпен жүгірген Владислав Переверзев екінші, 11 минут 10 секунтта мәреге келген Темірлан Сұлтанов үшінші орынға ие болды.

Қыздар арасында 14жастағы Екатерина Цурикова 12 минут 14 секунд нәтижемен бірінші, Айдана Шакирова 12 минут 42 секунд нәтижемен екінші, америкадан келген кішкентай қонақ Тайлин Дивант 12 минут 54 секундта мәреге үшінші болып келді.

Фото: tengrinews.kz

Марафонға қатысушылардың арасында қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар, әншілер, бизнесмендер бар. Олардың қатарынан Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов, Майя Манеза мен Александр Винокуровты көзіміз шалды.

Жаппай жүгірудің мәресі — Орталық стадионда аяқталады.

Алматы Марафоны — ірі спорттық шара болумен қатар қайырымдылыққа да үлес қосып келеді. Әр жыл сайын тіркелуден жиналған қаражат қатерлі ісік, cал ауруы (БЦП) сияқты ауыр диагноздар қойылған балалардың емі мен мүгедектерді емдейтін  орталықтарға жабдық сатып алуға жұмсалады. Биылғы қаражат 1500 баланың еміне берілмек. Марафонның бас демеушісі Kaspi Bank екенін айта кетейік. Еліміздегі ең ірі мәдени, спорт, денсаулыққа қатысы бар шараларына демеуші болып жүрген банктің барлық өңірдегі филиалдарынан бүгінгі марафонға 50-ге жуық адам қатысуда. 

Фото: Сауле Мусина

Бұған дейін біз марафон туралы толық ақпарат жариялаған едік.  Онда марафонның шығу тарихынан бастап, қалай дайныдалу керек, қандай құралдар және қанша қаражат керектігіне тоқталғанбыз. Мақаланы сілтеме арқылы оқи аласыздар.

Марафонда жүгіру қанша тұрады?