Алматы облысында жаңадан құрылған ауданға 890 млн теңге бөлінді

алматы

Алматы. 26 шілде. 7kun.kz – Алматы облыстық мәслихатының депутаттары Райымбек ауданын бөлу іс-шараларына қосымша қаржы қарастыру ұсынысын қолдады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXIV сессиясында белгілі болды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Амандық Баталов қатысқан сессия жұмысында облыстық мәслихаттың «Алматы облысының 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» № 26-128 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Онда Райымбек ауданын екіге бөлу арқылы жаңа аудан қалыптастыру жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 890 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде тұрғын үйлер құрылысы, мекемелерді жөндеу, ауыз су жүйесі, жол жөндеу шараларымен қатар картоп өсіру бағытындағы 2 сервистік-дайындау орталығын құруға да қаржы қарастырылып отыр.

Сондай-ақ Алакөл көлінің туристік әлеуетін арттыруға 744,8 млн. теңге бөлінбек. Бұл қаржыға көл жағалауын нығайту, Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, Ақши ауылын абаттандыру, ауыз су және кәріз жүйелері құрылысының құжаттамаларын әзірлеу шаралары атқарылмақ.

Сонымен қатар энергетика және ТҮКШ, ауыл шаруашылығы, «Цифрлы Қазақстан- 2020» бағдарламасын жүзеге асыру, төтенше жағдайлардың алдын алу, жолдарды жөндеу ісіне де қаржылай қолдау шаралары көрсетілмек. Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмай, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мектептерді кең жолақты Интернет желісімен қамтуға және басқа да маңызды іс-шараларға қаржы қарастырылды.