Алматыда 9 мамыр күні «Батырларға тағзым» акциясы өтеді

фото: Евгений Биятов

Жеңіс күні Алматыда «Батырларға тағзым» атты акция өтеді. Сағат 9.30-да басталатын шеру орталық демалыс саябағынан басталып, 28 панфиловшылар саябағына барып мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюмен жалғасады, деп хабарлайды 7kun.kz.

Мұндай мәліметті Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов айтты. Одан бөлек қала тұрғындарына 20 мың дана Жеңіс лентасын тарату жоспарланған.

«Біздің адамдар соғыстың барлық ірі шайқастарына қатысты. Аталарымыз Берлинге дейін барды. Бұл – біздің халықтың ерен ерлігі. Әскери орден-медальмен жүз мыңнан аса жауынгер марапатталған, 500-ден аса адам Кеңес одағының батыры атағымен наградталды», — деді Ахан Бижанов.

Одан бөлек, ардагерлер кеңесінің төрағасы бұл мерекені саясиландырмауды сұрап, желідегі түрлі арандатуға ермеуге шақырды.

Бұған дейін қоғам өкілдері жыл сайын өтетін «Мәңгілік даңқ» (Бессмертный полк) сынды шерулерге қарсылық танытқан. Алматыда 75 ҰОС ардагері бар. Оларға биыл бюджеттен 1 млн теңгеден беріледі.