Алматыда пәтердің орташа құны бір жылда 24%-ға өсті

505

«Казриэлт»  порталының осы жылдың тамыз айындағы мәліметі бойынша, Алматы аумағындағы пәтерлердің орташа құны бір шаршы метрге 436 мың 786 теңге  құрады. Бұл 2015 жылдың ақпан айымен салыстырғанда 24,06%-ға , ал 2014 жылдың тамыз айымен салыстырғанда 23,64%-ға артық. Бұл туралы krn.kz  хабарлады.

Портал базасындағы екінші қайтара сатылған  пәтердің орташа құны бір шаршы метрге 437 мың 205 теңгені көрсетті. Бұл жылдың басындағы көрсеткіштен 25,11%, ал алдыңғы жылдан 24,37%-ға артық. Ал Астана аумағындағы пәтерлердің орташа құны шаршы метрге 248 мың 265 теңгені құрайды. Жыл басымен салыстырғанда 26,42% және 2014 жылдың тамыз айымен салыстарғанда 23,63%-ға артық.

Алматы аумағындағы жеке үйлердің орташа құны 60 млн 595 мың 192 теңгені құрады. 2015 жылдың ақпан айынан 24,33%, өткен жылдың көрсеткішінен 22,11%-ға көп.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер құны бір сотыққа 2 млн 816 мың 753 теңге беріледі. Бұл жылдың басындағы көреткіштен 6,73%, ал алдынғы жылдан 0,03%-ға төмен.

Алматы аумағындағы  бір бөлмелі пәтерді жалға беру құны айына 95 мың 665 теңгені құрады. Жыл басынан бері 9,01%-ға, өткен жылдан бері 2,17%-ға қымбаттаған. Осы  уақыт аралығында екі бөлмелі пәтер құны да 42,28% және 29,75%-ға өскен. Бұл сегменттегі орташа баға 159 мың 286 теңгені құрады.