Алматыда қазақ тіліндегі «Жұлдызды соғыстар: күштің оянуы» фильмінің таныстырылымы өтті

527
Алматыда қазақ тіліндегі «Жұлдызды соғыстар: күштің оянуы» фильмінің таныстырылымы өтті
Фото:inform.kz

17 желтоқсанда Алматыда «Star Wars: Episode VII — The Force Awakens» фильмінің қазақша нұсқасының таныстырылымы өтті. «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы» деп аталған фильмді «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен, Алматы қаласы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы және «MARWIN» компаниясының қолдауымен «Aray media group» студиясы қазақшалаған.

Фильмнің таныстырылымына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысып, фильмдерді қазақшалау маңызды екендігін атап өтті. «Әйгілі голливудтық фильмдерді қазақ тіліне аударудың маңыздылығы – замануи технологиялар мен фильмдер арқылы мемлекеттік тілді дамытып, өскелең ұрпақ арасында фильмдерді қазақ тілінде көру әдетін қалыптастыру»,-деді ол.

Еске ала кетейік, голливудтық фильмдерді қазақ тіліне аудару Бауыржан Байбектің бастамасымен жүзеге аса бастаған еді. «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы»қазақ тілінде аударылған 13-ші фильм. Голливудтық туындыны қазақша «сөйлетуге» Шахмұрат Ордабаев (Фин), Гүлназ Ауесбаева (Маз Каната), Сәуле Тұрдахунова (Рэй), Жасұлан Байсалбеков (Кайло Рэн), Бекболат Құрманғожаев (Хан), Бақытжан Жармұхамбетов (Генерал Ню), Самат Қордабаев (По), Тынышкүл Сұлтанбердиева (Лейла), Исламхан Зейнуллаев (Сноук) сынды отандық өнер шеберлері қатысқан.