Алматыда видеокарталар сақталған қойма тоналды

Алматыда видеокарталар сақталған қойма тоналды. Ұрылар күзетшіні соққыға жыққан, деп хабарлайды 7kun.kz Алматы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция департаментінің хабарлауынша, ұрылар үш адам болған. Олар таңертең қоймада тек күзетші болғанда әрекет еткен.

«Олар күзетшіні соққыға жыққан. Қару кезенген олар компьютерлік техниканы, дәлірек айтқанда қымбат видеокарталарды алып, ізін суытқан. Аталған қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру тобы құрылып, оған аудандық және қалалық криминалдық полициясының жедел қызметкерлері кірді», – деді Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Күдіктілер Шу қаласында ұсталды. Олар теміржол көлігі арқылы Нұрсұлтан қаласына кетуді жоспарлаған. Тоналған тауардың бір бөлігі олармен бірге, ал негізгі бөлігі жүк тасымалы арқылы елордаға жіберілген. Қазір тауар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Тиісті тексерістерден кейін видеокарталар иесіне қайтарылады.

Бостандық аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, ұсталғандар Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Бұрын олардың бірі осы фирманың клиенті болып, видеокарталардың құны мен рөлі туралы жақсы білген. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кетейік, қазір Алматыда бір видеокарта Kaspi.kz бойынша 20 мың теңгеден 1,8 миллион теңгеге дейінгі аралықта сатылуда.

Фото: Алматы ПД