Алматыда жаңа әуежай салынады

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешеев Алматыда жаңа халықаралық әуежай салынатынын хабарлады.

Министрдің айтуынша, әуежай құрылысына инвестиция тарту мақсатында инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, келешек әуежайдың орны зерттелуде.

«Ішкі аймақтардағы әуе тасымалының мүмкіндігі әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Бұл бағытта нақты жұмыстарымызды жасап жатырмыз. Алғашқы жұмысымыз — Qazaq Air әуе компаниясы құрылды. Әуе бағыттарын қаржылай қолдаудың басқа да көздерін іздестіруіміз керек. Бұл өз кезегінде ішкі туризмді дамытып қана қоймай, жергілікті шағын және орта бизнес нысандарының дамуына да ықпал етеді», — деді министр.

Сондай-ақ министр авиация саласындағы екі ірі жобаны айтып өтті. Бірі —  Қытай мен Еуропа арасындағы  транзиттік  мүмкіндікті пайдалану мақсатында салынатын Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалының құрылысы болса, екіншісі — Астанадағы «Ашық аспан» жобасы. Жоба «EXPO-2017» көрмесі аясында салынады.