Алматылықтарға қажет 7 мобильді қосымша

15
Мобильді қосымша
Фото: Forbes.kz

2GIS

2GIS
Фото: softodar.ru

Алматы – Қазақстандағы ең ірі мегаполис. Қалада көше аттары, ғимараттар мен ықшам аудандардың көптігі сондай, шатасып кету оңай. Сондықтан, Алматының кез келген тұрғыны немесе аз уақытқа келген қонағы 2GIS бағдарламасын жүктеп алуы керек. Бұл бағдарламада қаланың толық картасы қамтылған. 2GIS-тің көмегімен өзіңіздің қай жерде тұрғаныңызды, баратын жерге қалай жетуге болатынын, қоғамдық көліктердің жүретін жолы мен бағытын, сіз көрсеткен мекен-жайда нақты қандай ұйымдар немесе қызмет көрсету орындары орналасқанын, өзіңізге қажетті кез келген сервис түрін көрсете алатын орталықтарды оңай таба аласыз. Мобильді қосымшаның басты ерекшелігі – оффлайн жұмыс істеуінде.

“Оңай”

Оңай мобильді қосымшасы
ФОТО: informburo.kz

Алматыда “Оңай” бірыңғай қоғамдық көлік картасы қолданылады. Ал картаны бақылау үшін арнайы “Оңай” мобильді қосымшасы бар. Оны жүктеп алған адам өзінің жеке картасы туралы барлық ақпаратты телефон арқылы ала алады. Картаның ішіндегі қаражатты тексеру, картаны толтыру, қоғамдық көліктердің маршруттарын бақылау, картаның пайдалану тарихын (қашан, қандай көлік түрін қолданғанын, қанша ақша шығындағанын) көруге болады. “Оңай” бірыңғай жол картасымен тек жолақысын ғана емес, “Медеу” мұз айдынына кіру құнын да төлеуге болады.

InDriver

inDriver
Фото: Youtube.com

Такси қызметі – Алматыдағы ең сұранысқа ие сервис түрі. Қалада жол-жөнекей такси ұстағаннан бөлек, ЯндексТакси, Uber, Экономтакси қызметтері бар. Ал InDriver қосымшасы аталғандардың ішіндегі ең ыңғайлысы. Себебі, басқа такси қызметтері жол жүру құнын өздері белгілеп берсе, InDriver арқылы сіз таксидің бағасын өзіңіз белгілейсіз. Бағамен келісетін таксилер сізге өздері хабар береді. Үлкен қалада адасып кетемін, алаяқтарға алданып қаламын деп қорқатын қонақтарға InDriver қызметін қолдану – таптырмас тәсіл.

Метрополитен Алматы

Метрополитен Алматы
Фото: yvision.kz

Алматы – жер асты метросы салынған Қазақстандағы жалғыз қала. Қала тұрғындары метрополитен қызметін күнделікті қатынау үшін пайдаланса, қала қонақтары метроны көру үшін арнайы келеді. “Метрополитен Алматы” мобильді қосымшасының көмегімен метро пойыздарының қозғалу кестесі мен уақытын, бекеттердің ретін, төлем жүйесі туралы ақпарат алуға болады. Барлық ақпараттар қазақ, орыс және ағылшын тілінде қолжетімді. Егер метро пойызын күтіп отырып қалғып кетемін деп күмәндансаңыз, мобильді қосымшаның көмегімен  пойыздың келетін уақытына оятқыш қойып қоюға да болады.

Citybus/Almaty bus

Фото: tengrinews.kz

Алматы – көлік қозғалысының көп болуымен, көлік кептелісімен танымал қала. Қоғамдық көліктердің қозғалысын, аялдамалардың реті мен қай жерде орналасқанын Citybus немесе Almaty bus мобильді қосымшасының көмегімен білуге болады. Алайда, қосымшалар тек мобильді интернет қолжетімді болған жағдайда автобус пен троллейбустардың қозғалысын бақылай алады. Citybus қосымшасы Android қолданушылары үшін, ал Almaty bus iOS қолданушылары үшін қолжетімді.

Egov.kz

мобильді қосымша
Фото: Egov.kz

Egov.kz – халыққа қызмет көрсетудің мобильді қосымшасы. Қосымшаға тіркелмей-ақ, балабақшаға, мектепке, тұрғынүйге кезекті көруге болады. Ал жеке кабинетіңізге кіріп өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз, айыппұлдар мен қарыздарыңыз, салық төлемі туралы ақпарат ала аласыз.

Kaspi.kz

каспи банк
Фото: Youtube.com

Күн өткен сайын қалада қолма-қол ақшасыз төлем дамып келеді. Тіпті, қарапайым дүкенде де kaspi.kz арқылы төлем жасау мүмкіндіктері бар. “Оңай” картасын тексеру, коммуналдық төлемдерді төлеу, несиеге зат алу, тамақтану орындарында төлем жасау, сауда орындарында төлем жасау барлығын осы kaspi мобильді қосымшасының көмегімен жылдам орындауға болады.