Алматының Бас жоспары қайта жасалады

Алматы. 17 маусым. 7kun.kz – Алматы қаласы мен агломерациясын дамытуға арналған ортақ жаңа бас жоспар жасалады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды 7kun.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Жоспап 2040 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Жаңа құжатты жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Жаңа бас жоспарда агломерацияның урбандалу процесін жеделдету тетіктері де қарастырылады.

«Бірнеше жыл бойы Алматы әкімдігі бас жоспарға түзетулер енгізуге жұмыс жасады. Үлкен жұмыс атқарылды. Бірақ ол бас жоспар бұрынғы 2002 жылғы жоспарларды база ретінде алған. Одан бері жиырма жыл өтті. Қазір қала да, экономика да, Алматы облысы да өзгерді. Сондықтан мен жоспарды жақсартуға атсалысқан азаматтарға алғыс айтқым келеді», – деді  Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Алматыда құрылысшылар кеңесі қайта құрылады. Ол әкімдікке тиесілі болмайды, бірақ кәсіби мамандардан жасақталып, құрылысқа қатысты кеңес беретін алаң болмақ.