«Алтын-Емел» және «Шарын» ұлттық саябақтарын дамыту бойынша тұжырымдама таныстырылды

21
Фото: «QazaqGeography» РҚБ

Өткен аптаның соңында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде сапармен болды. Бұл туралы QazaqGeography баспасөз қызметі хабарлады.

Сапар барысында «QazaqGeography» Республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Орман Нұрбаев пен жоба жетекшісі Жәнібек Әлкеев премьер-министрге Ұлттық парктерді дамыту тұжырымдамасын таныстырды.

Жәнібек Әлкеевтің айтуынша «Шарын» саябағында сусыз жұмыс істейтін эко-әжетханалар, демалуға арналған жаппалар, гроталар (арнайы көлеңкелі шатырлар), келген туристерге арналған ауыз су бұрқақтары, сондай-ақ щолу алаңдары пайда болды.

Дәл осындай жағдай «Алтын-Емел» саябағының аумағында да жасалатын болады. Әзірше мұнда жануарларды бақылауға арналған байқау мұнарасы орнатылған, уақыт өте келе тағы бірнеше мұнара орнату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Шарын» саябағындағы «Сарайлар алқабында» ұялы байланыс антенналарын орнатқан. Антенналар күн батареялары және жел генераторларының көмегімен электр қуатымен қамтамасыз етілген.

 «Біртіндеп, біз басты мақсатымыз – ұлттық табиғи саябақтарды барынша сапалы әрі ыңғайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, табиғатымыздың бірегейлігін, тұтастығы мен тазалығын сақтай отырып, туристер үшін тартымды етуге сеніммен қадам басып келеміз. «QazaqGeography» қоғамның табиғатқа деген қатынасын жақсы жаққа өзгертуге, бүкіл халықтың ұлттық қазынасы мен ата-бабаларымыздың мұрасына деген қамқорлығын тәрбиелеуге және дарытуға ниетті», — деді «QazaqGeography» басқарма төрағасы Орман Нұрбаев.

Премьер-министр өз кезегінде қоғамдық бірлестіктің жұмысын жоғары бағалап, ұлттық саябақтарды одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

«QazaqGeography» ҚБ бас серіктесі Kaspi.kz екенін атап өткіміз келеді.

Анықтама: «QazaqGeography» РҚБ – 2013 жылы құрылған Қазақстан Республикасының Табиғат және қоғам туралы географиялық және сабақтас ғылымдардағы жетекші сараптамалық ұйымы болып табылады. Оның миссиясы – тарихи және мәдени мұраны сақтау мен оны танымал ету, экологияға қамқорлық жасау және табиғатты қорғау болып табылады. РҚБ-ның зерттеу, қоғамдық, ақпараттық, аймақтық және халықаралық қызметі өзін-өзі дамытуға және қоғамға қызмет етуге ынталандыру арқылы аудиторияны ақпараттандыруға бағытталған. Бірлестіктің Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 11 өңірлік өкілдігі бар.