Алтынбек пен Заманбектің трагедиясына тарихи нүкте әлі қойылған жоқ

2715

Мақпал Мейірбекқызы: Сегіз жыл бұрын Президент әкімшілігімен өзара келісімге келіп,  «бұдан-былай олар маған тиіспесе, заңсыз шүйлігуін қойса, мен де  «күресті» тоқтатамын,  саясаттан кетемін», деп «Азаттыққа» сұхбат бергеніңіз әлі есімізде. Ұзақ жылдар бойы сақтаған үнсіздік пен келісімді неге бірінші болып бұздыңыз? Тұңғыш Президенттің жанындағы адамдармен тіл табыса алмауыңыздың түпкі себебі қандай?

Серік АБДРАХМАНОВ: «Жауабыңыз қысқа болсыншы» деп қолқа салып отырсың. Бірақ келісімнің қалай бұзылғанын  бір-екі сөзге сыйдырып түсіндіру қиындау…Конфликттің неден басталғанын айтуым керек.  

Мақпал Мейірбекқызы: Жақсы.

Серік АБДРАХМАНОВ: Ол сұхбатты ұсақ- түйек дүниеге өкпелегендіктен берді деп ойламаңыз.  «Заңсыз шүйлігу» деген тіркестің астарында биліктің жасаған қылмыстары жатыр.  Тоқсаныншы жылдардың басында  елде жаппай   жекешелендіру процесі жүрді. Терещенко, Қажыгелдиндер сенімді сыбайластарымен бірігіп, мемлекеттік мүлікті аямай талан-таражға түсірді. Жоғарғы Кеңесті олардың ұрлықтарын әшкере қылғандықтан таратып жіберді.  Белсенді депутаттарды қудалап, «күреспей беріспейтіндерді» қамауға алды. Нәтижесінде, 1995 жылғы  сайлауда Парламентке  тәуелсіз саясаткерлердің біреуі де өте алмады.

Мақпал Мейірбекқызы: Бірақ сіз одан кейінгі сайлауларда Парламентке өттіңіз ғой?

Серік АБДРАХМАНОВ: Енді 1999, 2004 жылдардағы  парламент сайлауында халықаралық ұйымдардың ықпалымен тәуелсіз үміткерлердің өткені рас.  Оларға әкімдер қанша тырысқанмен бөгет бола алмады. Ашық сайлаудан өткен депутаттар биліктегі «обырлардың» ішкен-жегендерін тағы да ірің етті… Алайда, жоғарыдағылар Жоғарғы кеңесті қалай  жойса, сайлау туралы заңды  солай өзгертіп тастады. Пропорционалды жүйені енгізіп, халықты биліктен айырды. Мұны  нағыз мемлекеттік төңкеріс деп есептеймін. Осының бәріне халық көнді.

Мақпал Мейірбекқызы: Тәжірибелі саясаткер бола тұра сіз де көніп, Ақордамен  келісімге келдіңіз ғой?

Серік АБДРАХМАНОВ: Менің басқа амалым қалмады. Оларға: «Депутаттық мандатымды тартып алғандарыңды місе тұтыңдар. Мен  енді тіршілікке кірісемін.  Жолымды байлап, заңсың шүйліксеңдер, тойтарыс беремін!» деп ескерттім. Олар кедергі болмаймыз деп сөз бергендей болды.  Бірақ көп уақыт өтпей,  уәделерін ұмытып, пара сұрай бастады. Шыдамым таусылып, мен де  шабуылға кірістім.

Мақпал Мейірбекқызы: Білуімізше, шабуылдың «хат жазу» деген түрін таңдадыңыз.

 Серік АБДРАХМАНОВ: Басқа амалым қалмады. Алдымен, жалпыға жария қылмай, әлгі жауапты шенеуніктердің мекемелеріне жиырмадан аса хат жібердім. «Ойланар, қолға алар» деген үміт болып еді.

Мақпал Мейірбекқызы: Жауап келмеді ме?

Серік АБДРАХМАНОВ: Келгенде қандай, қызым.  Үш жүз хат алдым. Оның біреуінде де менің мәселемнің шешімі жазылмаған. Барлығы бір -біріне сілтеп, жауапкершіліктен қашыпты. Ашуға мініп, Елбасына екі хат жаздым. Адресаттың қолына түспейтінін білгендіктен ғаламторға да  жарияладым. Бұл менің де-факто билікті ұстап отырған  Назарбаевтың айналасындағы адамдардың  оңбағандықтарына қайтарған жауабым болды.

Мақпал Мейірбекқызы: Сіздің хаттарыңыз туралы естігенім болмаса, толық нұсқасын еш жерден таба алмадым.  Біздегі оппозициялық басылымдардың қайсысы жариялады?

Серік АБДРАХМАНОВ: Әлеуметтік желідегі парақшама шығардым. «Датқа» екі хатым шыққан. Алайда, жоғарыдағы қолы ұзын шенеуніктер алдырып тастапты.

Мақпал Мейірбекқызы: Жоғарыдағы шенеуніктер «Даттың» материалдарын алдырып тастай ала ма?

Серік АБДРАХМАНОВ:  Енді мұндай интеграция болмағанда «Дат» газетін жауып тастайтын еді ғой. Қазір сіздің әріптестеріңіз екі лагерьге бөлініп жұмыс істеп жүр. Көпшілігі билікке бағынышты. Қалғаны сыртта қашып жүрген қалталы «оппозиционерлердің»  мүддесі үшін тер төгіп жатыр. Тәуелсіз БАҚ саусақпен санарлық. Себебі, оларға ешкім қаржы да, көңіл де бөлмейді. Сізбен телефонмен сөйлескенде, басылымдарыңызда еркіндік бар ма, ашық пікірлесе аламыз ба деп қайта-қайта сұрағанымның себебін енді түсінген шығарсыз…

Мақпал Мейірбекқызы: Қарсы болмасаңыз, Ермұрат ағаға тағы да тоқталатын боламыз.  Әзір мен сіздің ұстанымызды білгім келеді. Егер билік әлгі келісімнің талаптарын бұзбай, сіздің жағдайыңызды жасағанда тып-тыныш бизнесіңізбен айналысып жүре беретін бе едіңіз?

Серік АБДРАХМАНОВ: Саясатқа араласатын жолдың барлығы жабылғанын көріп отырсыздар.  «Нұрланғандардан» басқа ешкім билікке бара  алмайды. Егер таза сайлау болғанда халық тағы да маған дауыс беретін еді. «Әбдрахманов, кет!» деп ешкім маған айтпайтынын білемін. Бірақ қазір оған мүмкіндік жоқ қой. Мен енді не істей аламын?  Батыста білім алып келген баламмен бірге Қазақстанға инвестиция тартқым келді. Оған жоғарыдағылар жол бермей, аяғымнан шалып жатыр. Сондықтан өзімнің құқығымды қорғап, наразылық білдірдім. Қайтадан әңгіменің басына оралдық…

Мақпал Мейірбекқызы: Билікке сіз сияқты наразылық білдерген басқа адамдарға қысым жасалыпты деп естіп жүрміз.  Сіз вертикальдың ең жоғарғы сатысындағы саясаткерлердің атын атап, түсін түстеп сөйлейсіз. Оларды ұрлықшы деп айыптайсыз.  Неге әлі күнге дейін ешкім сізге «қой» демейді?

Серік АБДРАХМАНОВ: Елбасы биліктен аздап алыстағалы, Тоқаев президент болғалы «жыртқыштар» ертеңгі күнін ойлап, етек-жеңдерін жинап отыр. Қазір күш-қуатын маған емес,  қорларын «запасной отандарына» артуға жұмсап жатыр. Бала-шағалары баяғыдан бері  сол жақта. Бұл Абдрахманов айтпаса да, барлығына белгілі жайт. Сізге түсіндіре алдым ба? Ертең елде не болатынын білмегендіктен аяқтарын тартып, құлқындарын тыйып отыр. Мен  алты рет депутат болған  тәжірибелі саясаткермін.  «Оппозиционермін» дегендерге, желідегі желпілдеп жүрген жастарға, биліктегі «нұр-көсемдерге» қарап,  өзімді солармен салыстырып, алпыс сегіз жасымда кәсіби саясаткерлік потенциалымды жоғалтпағанымды сеземін. Құдайдан денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.Егер таза сайлау өтетін болса, халық мені қолдайтынын білемін.

Мақпал Мейірбекқызы: Сіз зейнет жасынан астыңыз. Жетінші рет депутат болғыңыз келіп отыр екен. Сонда жастар билікке қашан келеді?

Серік АБДРАХМАНОВ: Әрине, келешегі бар дарынды жастарды көрсем, қуана-қуана жолымды беруге дайынмын. Талантты жастарға ақылшы болуды да мәртебе санар едім. Кезінде менен тәрбие көрген жас саясаткерлердің ішінен екі премьер-министр, көптеген Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері шықты.  Солардың көбі кездескенде рахметін айтып жатады…

Мақпал Мейірбекқызы:Қазір халыққа лигитимді оппозиционердің барлығы фейк сияқты көрінеді.  Бірақ кезінде сіздің замандастарыңыздың ішінде мықты оппозиционерлер болды ғой.  Соларды қолдамай, қарсы шыққаныңызға өкінбейсіз бе? Егер оларды сіздер қолдағанда біз басқа Қазақстанда өмір сүрер ме едік?

Серік АБДРАХМАНОВ:Демократиялық қоғамда биліктің де, оппозицияның да мықтылығы халықтың қолдауымен анықталады. Ата Заңымызда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Сайлауда дауыс нәтижесін бұрмалау арқылы билікке жеткендер ешқашан халыққа адал қызмет етпейді.  Сондықтан мен оларды  «жоңғарлар» деп атаймын. Ал, еркін сайлау болмағандықтан шынайы оппозиция да өзін көрсете алмайды. Олардың партиялары тіркелмейді. Демек, мықтылығын көрсетуге, нығаюына мүмкіндік жоқ.

Қазір халықта  оппозициялық көңіл-күй басым.   Қайнаған қазанның қақпағын ашпаса, таситыны белгілі. Қарны тоқ арабтардың көтерілгені де саяси тоқыраудың нәтижесі. Кейбіреулер осыны түсінбей отыр. Өздерін «оппозициямыз» деп атап, шетелден билікке сын айтып жүр.  Қазір елді митингке  шақырып жүргендердің көбі сол «жоңғарлардың» ішінен шықты емес пе?.. Олардың көбі билікте жүргенде ұрлық жасады, ақша жинады. Бүгін оларды батыр деп, шыншыл деп ойлаймыз.. Айтқандары өтірік емес. Бірақ, кеше осыны неге айтпады? Неге кезінде сол шындықты айтқандарды тұншықтырды? «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды».

Билікті де, жасанды «оппозицияны» да халық қолдамайды. Сол себептен екі жақ та астыртын әрекет арқылы бірінің түбіне бірі жеткісі келеді. Екі жақта да бірлік жоқ. Олардың ешқайсысының  халыққа жаны ашымайды.  Бірі қолдарындағы шөміштен айрылғысы келмейді. Ал екінші тараптың бар арманы-сол шөмішке ие болу.

Мақпал Мейірбекқызы: Бұған дейін берген сұхбаттарыңыздан байқағаным, сіз үнемі билікті сынар алдында оппозиционер емес екеніңізді ескертіп отырасыз.  Бұл қауіптің алдын алудың амалы ма? Сіздің бір танысыңыз «Нұрсұлтан Әбішұлын ренжітіп алудан қорқатындықтан, солай сөйлейді» деді. Рас па?

Серік АБДРАХМАНОВ: Егер мен Назарбаевтан қорқатын болсам, оның шымбайына тиетін шындықты жеткізбейтін едім. Алдында айтқанымдай, «оппозиционер» деп тек шетелде қашып жүргендерді атау дұрыс емес. Мен халық өкілімін. Маған сайлаушыларым «Назарбаевты қолда, бірақ ол кісіге елдің мұңын жеткіз» деп қолқа салды.

Мақпал Мейірбекқызы: « Қорқатын болсам,шымбайына тиетін шындықты жеткізбейтін едім» деп жалпылама сөйлей беруге болады. Факт келтіре аласыз ба?

Серік АБДРАХМАНОВ: Халықтың арасында рейтингісінің төмендеп жатқанын жаным ашығандықтан  ашық айттым.  «Нұр Отанның» тоқсан процент деген мәліметі миф дедім. «Объективті есептейтін болсаңыз, сіздің көрсеткішіңіз  алпыс процентке дейін төмендеді»,- дедім. Назарбаевтан қорықсам, жағымпаздардың өтірігін әрі қарай өрбітіп,  лауазымы мен жалақысы жоғары қызметті сұрап алмадым ба?

Елбасының ойымен келіспеген кездерім көп болды.  Мысалы, Жер Кодексіне, ауылшаруашылық мәні бар жерлерді жекеменшікке сатуға, «Тұңғыш Президент туралы заңға» үзілді-кесілді қарсы болдым.

Мақпал Мейірбекқызы: Ол кісінің реакциясы қандай болды?

Серік АБДРАХМАНОВ: Мен мүмкіндігінше өзімен оңаша сөйлесуге тырысатынмын. Неге қарсы болғанымды түсіндіріп, дәлелдерімді келтіретін едім.  Нұрсұлтан Әбішұлы бірде-бір рет маған өкпесін айтқан емес.  Жоқ, тек бір мәселе бойынша қатты ренжігені, ашуланғаны есіме түсіп отыр.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Қандай мәселе еді?

Серік АБДРАХМАНОВ: Құқық қорғау органдары Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге Ержан Өтембаевтың тапсырма бергенін мәлімдемдеді. Мен бұған сенбейтінім туралы ашық үндеу жарияладым. Бір күннен кейін Елбасы  маған телефон шалды. «Сен сонда кімді кінәлі деп санайсың» деп ашуланды. Өтембаев өз қолымен кінәсін мойындап арыз жазғанын, тергеушілердің нақты дәлелдері барын айтты.  Мен де өз дегенімнен қайтпадым.

Мақпал Мейірбекқызы:  Әңгімелеріңіз қалай аяқталды?

Серік АБДРАХМАНОВ: «Үндеуіңді прокуратура қарайды, тағы да тексереді» деп тұтқаны қоя салды. Араға жеті жыл салып, Өтембаев бостандыққа шықты. Ол қылмысқа Рахат Әлиевтің қатысы бары анықталды. Демек, менің сол кезде босқа күмәнданбағаным расталды ғой.   Екі азаматымыздың өліміне қатысты әлі талай есімдерді еститін боламыз.   Алтынбек пен Заманбектің трагедиясына тарихи нүкте әлі қойылған жоқ.

Мақпал Мейірбекқызы:  Сіз «Ақиқатқа» мүше болатыныңызды айтып, елді де сол партияны қолдауға шақырдыңыз. Қазір сол күмәнді партияның мүшесісіз бе?

Серік АБДРАХМАНОВ: Әзір, жоқ.  Бапи бастаған ЖСДП орта жолда «захватқа» ұшырап, партия деңгейіне көтеріле алмады. Мен бұл партияны  да  Президент аппаратының «оппозициялық» жобасы деп санаймын. Жақын арада  парламентте «халық-коммунистерінің» рөлін ойнайтын сияқты.

Мақпал Мейірбекқызы: Онда неге саясаттағы белсенділерді осы партияны қолдауға шақырдыңыз?

 Серік АБДРАХМАНОВ: Барлық демократиялық күштер, адал азаматтар бір партияға өтсе, мақсатымызға жылдам жетер едік.  Бақылаушылардың президент сайлауында  жинаған тәжірибесін пайдаланып, белсенділік көрсетсек, парламент сайлауында «ЖСДП» жеңер еді. Бұл жүйе сонда ғана эволюциялық жолмен өзгеруі мүмкін.  Бірақ,  ашық сайлау арқылы кеуде соғып жүрген «оппозиционерлердің» көбі сайлауға қатыса алмайды. Себебі, олар сотталған. Сот шешімін тек Сот өзгерте алады.  Тоқаевқа рақымшылық жасаңыз деп хат жазуымның себебі осы.   Ұрлаған ақшаны қайтарса,  неге оларды кешірмеске?  Бұл биліктегі байларға да қатысты.  Бірақ қазір Қажыгелдиннің Президент әкімшілігімен байланыс орнатқанын байқадым.

Мақпал Мейірбекқызы:Бұл ақпаратты біреуден естідіңіз бе?

Серік АБДРАХМАНОВ: Жоқ. Жергілікті басылымдарда, соның ішінде «Датта» соңғы кезде Әкежанның сұхбаттары еркін жарияланып жатқанынан-ақ білуге болады.

Мақпал Мейірбекқызы: Сонда  Ермұрат Бәпи де екі орындықта отыр ма?

Серік АБДРАХМАНОВ: Мықты барлаушылар бірнеше жаққа жұмыс істей алады. Журналистер де сол барлаушыларға ұқсайды деп ойлаймын. Бірақ  Ермұратты фейк-оппозиционер деуге болмайды. Ол — адал азамат.  Тек, аппараттың құйтұрқы ойындарын түсіне алмай, алданып қалған сынды. Оның үстіне, партия жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға тәжірибесі жетпеді… Өкінішті жағдай.

Мақпал Мейірбекқызы: Қазіргі билікті сіз сияқты қатты сынайтындар күннен -күнге көбейіп келеді.  Билікке жақын жүрген кейбір азаматтар ол жақта да әділетсіздікпен күресіп жатқан либерал азаматтар бар дейді. Шынында үкіметте де, парламентте де, аппаратта  да біз бағасын білмей жатқан, еңбегі елеңбей жүрген тұлғалар бар шығар?

 Серік АБДРАХМАНОВ: Бос сөз. Олар жоғарыдағы жемқор басшысына ақшаны тасып, белгілі пайызын қалтасына салып күресіп жүр ме? Мұндай уәжге ешкім сенбейді.

 Мақпал Мейірбекқызы: Бірінші басшыға кеңесші болған саясаткер ретінде сұрағым келеді. Қазіргі кеңесшілердің білім-тәжірибесін, моральдық қасиеттерін қалай бағалайсыз?

Серік АБДРАХМАНОВ: Мақпал, мен Назарбаевқа адал кеңесші болдым. Ол кісіге оңашада шындықты айтып,  кейбір шешімдерімен келіспесем де, ел ішінде намысын қорғап жүрдім. Ал бүгінгі «кеңесшілер» мен «жанашырлар» не істеп жүр? Интернетте  ол кісінің жеке басына тиісіп жатқанда неге үн қатпайды? Неге оны қорғап, ақтамайды? Мемлекеттік саясатты халық алдына шығып, егжей- тегжейлі түсіндіретін бірде- бір тұлға жоқ. Бірнеше аймақта жер мәселесіне қатысты митинг болғанда оқтау жұтқан әкімдер екі ауыз сөз айта алмады. Ондай «мылқау» көшбасшылардың не қажеті бар?

Мақпал Мейірбекқызы: Саясаттан кеткенде кітап жазамын деп едіңіз? Жаздыңыз ба? Кейіпкерлері кімдер?

Серік АБДРАХМАНОВ: Саясаттағы ауыр жолымды жазып жатырмын. Ол кітапта кімнен теперіш көргенімді, өткір мәлімдеме жасауыма не себеп болғанын түсіндіруге тырыстым. Алтынбек, Заманбектермен көзі тірісінде неге жақсы тұрмағанымның да құпиясын ашамын.

Мақпал Мейірбекқызы: Біз мақтанғанды жақсы көретін халықпыз. Ал қателікті мойындау қолымыздан келмейтін сынды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында өз қателігін мойындаған бірде-бір саясаткерді естімедім. Үлкен саясатқа талпынып жатқан жастар көп. Оларға сабақ болсын деген ниетпен үлкен қызметте жіберген  қателіктеріңізді, кемшіліктеріңізді айта аласыз ба?

Серік АБДРАХМАНОВ:Менің қателегім көп деп айта алмаймын.  Халықтың  маған берген дауысына лайықты болу үшін  парламентте өз дауысымды барынша қатты шығардым. Өзге саясаткерлер сияқты өз мүддемді ойлап, үндемей қалған кезім жоқ.  Ұрылармен ұстасып, қылмыстарын халық алдында әшкере қылуға тырысып бақтым.

Мақпал Мейірбекқызы: Демек, сіздің де мініңіз жоқ болып тұр ғой?

 Серік АБДРАХМАНОВ: Халықтан кешірім сұрайтын тұсым жоқ, қызым. Осы жауабымды қанағат қылыңыз.  Бірақ кей-кездері жастайымнан өмірімді осы  лас саясатқа арнағаныма өкінемін.  Одан да ғылыммен, шығармашылықпен айналысуым керек пе еді деп ойлаймын. Саясатқа қатты беріліп кетіппін… Қателікті осы тұста жіберген шығармын.

Мақпал Мейірбекқызы: Сұхбатты сізден ақыл сұрап аяқтағым келіп отыр. Бағымызға қарай, барлық жас пофигист, конформист емес.  Олар тәуелсіз елде тәуелсіз ойлап, еркін өмір сүргісі келеді.  Ешқандай лагердің құрбаны болмай, лас ойындарға араласпай, осы мақсатқа қалай жетуге болады?

Серік АБДРАХМАНОВ: Сайлаудың таза болуына күш салыңыздар. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласыңыздар. Саяси ұйымдарға мүше болыңыздар.

Мақпал Мейірбекқызы:  Сұхбат бергеніңізге рахмет, аға!