Апта қорытындысы

360

Алматы. 20 қаңтар. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 16-20 қаңтар аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 16 қаңтарды доллар нығаюмен бастады. Қазақстан қор биржасында шетел валюталарына қатысты сауда нәтижесі бойынша, америкалық курс бағамы 333,02 теңгені құрады. Валюта операциясына байланысты келісім саны — 70.

16 қаңтарда таңертең Бішкектегі Манас әуежайының маңында апат болды. ACT Airlines әуекомпаниясының «Боинг-747-400» жүк ұшағы жергілікті тұрғындардың үйіне құлады. Гонконгтан Стамбулға ұшқан әуе көлігі Қырғызстан астанасына қонуы керек болған. 30-дан астам адам қайтыс болды, оншақты адам жараланды. Апат орнынан болған фоторепортажды мына жерден көруге болады.

Еліміздегі ең танымал банктер анықталды. Зерттеу барысында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында ең көп аты аталған топ-25 қаржылық институты қамтылды. Жалпы 2016 жылы оларға қатысты 30 366 мақала жарық көрген. Медиатанымалдылық жағынан бірінші орында Қазком тұр. Екінші орында — Халық Банк, үшінші орында — Сбербанк АҚ. Толық тізімді осы жерден оқи аласыздар.

Сейсенбі, 17 қаңтарда Қазақстан инновациялық экономикасы бар үздік 50 мемлекеттің тізіміне енді. Bloomberg агенттігінің сарапшылары әлем бойынша инновациялық экономикасы бар елу мемлекеттің тізімін құрып, Қазақстан өткен жылғы көрсеткішін 2 позицияға көтерді, 2016 жылы біздің еліміз 50-орында еді. Біздің республика Орталық Азия елдері арасында рейтингке енген жалғыз мемлекет болып отыр. Бірінші орында 89,00 көрсеткішімен Оңтүстік Корея, одан кейін Швеция (83,98), Германия (83,92), Швейцария (83,69) және Финляндия (83,26) елдері тұр.

Ұлттық банк криптовалютаны ұсынатын ұйымдардың қауіпті екенін ескертті. Реттеуіштің сөзінше, нарықта криптовалюталарды пайдалана отырып халыққа инвестициялық қызмет көрсететін ұйымдар жұмыс істейді және олар қауіпті. Ұлттық банктің мәліметінше, ақша айналымы (ағыны) тоқтатылған немесе жетіспеген кезде ағымдағы міндеттемелерді өтеу үшін бұл ұйымдар жабылып, барлық төлемдер тоқтатылады. Осыған байланысты ҚР Ұлттық Банкі жоғарыда көрсетілген ұйымдардың қызметі банк тарапынан реттелуге жатпайтынын атап өтті.

Сәрсенбі, 18 қаңтарда еліміздің салық жүйесіне тағы бір өзгеріс енгізілді. Енді қазақстандықтар пәтерін сатқан кезде түскен табыстың 10%-ын салық ретінде төлеуі керек. Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаевтің сөзінше, жеке тұлға өз атына тіркелген күннен бастап жеке иелігінде бір жылдан аз уақыт тұрған пәтерін сатса, ол мүлік кірісі деп есептеледі. Салық кодексіне енгізілген өзгерістер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

1 ақпаннан бастап Қазақстанның 16 теміржол вокзалында жолаушылардың қол сөмкесі мен жүктері тексеріледі. Бұл өзгеріс жолаушылардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, антитеррорлық қорғанысты қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Тексеру процедурасы еліміздің вокзалдарында кезең-кезеңмен енгізіледі. 1 ақпаннан бастап Алматы-1 мен Алматы-2, 1 сәуірде Астана вокзалында, ал қалған 13 теміржол вокзалдарында 1 маусымда ұйымдастырылады. Тексерісті өтіп, пойызға кешікпеу үшін жолаушылар вокзалдарға алдын ала келу қажет.

Бейсенбі, 19 қаңтарда ақпарат министрлігі анонимді пікір қалдыру үшін тіркелу нормасын заңға енгізбейтін болды. Осыған дейін ведомство анонимді пікір қалдыру үшін тіркелу қажет болуы мүмкін деп хабарлаған еді. Ақпарат министрі Дәурен Абаев ведомствоның ақпарат және коммуникациялар мәселелеріне қатысты заң жобасы бойынша түрлі алаңдарда қоғамдық талқылау өткізіп жатқанын айтты.  Оның сөзінше, жұмыс тобы отырыстарының шеңберінде сарапшылар мен журналистер тарапынан блогерлерді тіркеу ұсынысына қатысты да көптеген ескертпелер түскен.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ведомство ұжымына жаңа вице-министр Серік Жұманғаринді таныстырдыБұл тағайындауға дейін Серік Жұманғарин екі жылдан астам Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетті басқарды.  Бұл тағайындауға дейін Серік Жұманғарин екі жылдан астам Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетті басқарды.  

Лондонға Қытайдан шыққан тауар тиелген бірінші пойыз келді. Жүк пойызы 1 қаңтарда Чжэцзян провинциясынан шығып, Еуразияға 18 күн сапар шекті.  Оның жолы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Бельгия және Франция арқылы 12 мың шақырымды басып өткен. Пойыздағы негізгі жүк — Қытайда өндірілген киімдер мен басқа да тауарлар. Идея авторларының сөзінше, пойыз арқылы жүк тасу теңізге қарағанда жылдам және ұшаққа қарағанда арзан.

Жұма, 20 қаңтарда «Қазкоммерцбанк» АҚ мен «Халық банк» АҚ алдын ала келіссөздер жүргізе бастады. Банк өкілдерінің мәліметінше, Qazkom мен Кеңес Рақышев ҚКБ және Халық Банк арасында әлеуетті мәміле жөнінде  алдын ала келіссөздерді жүргізе бастаған. Өзге ақпарат хабарланған жоқ.

2016 жылы Қазақстанда 3 миллион адамға айыппұл салынған. Жасаған әрекеттері үшін құқық бұзушылар салынған айыппұлдардың 64,2 пайызын, яғни 41,3 млрд. теңгені мемлекет пайдасына өтеген. Белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін — 247 096 жүргізуші, мас күйінде көлікті басқарғаны үшін — 35 417, сондай-ақ қоғамдық орындарда мас күйінде ұсталған — 193 113 адам, жекелеген қоғамдық орындарда темекі тартқаны үшін 120 957 адам жауапкершілікке тартылды.

Апта соңында доллар 332 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасында шетел валюталарына қатысты күндізгі сауда сессиясының қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 332,05 теңгені құрады. Күндізгі сессияда сауда көлемі 49 млн 900 мың доллар болды. Ақша айырбастау орындарында доллар 333,5 теңгеден сатылып жатыр.