Питер Брегман естелігінен…

80-жылдардың аяғы. Мен университет аудиториясында жазушы Эбби Хоффманның баяндамасын тыңдап отырғанмын. Өз сөзінде жастарды бойындағы енжарлық пен бейтараптық сынды жағымсыз қасиеттері үшін кінәлап жатты. Жанымда журналист-жазушы Глория Эмерсон отырған болатын. Екеуміз Хоффманның баяндамасы жайлы ойымызды талқылап отырған едік. Өз сөзімде осы жерде болғаным үшін қуанышты екенімді де айттым.

«Ақылды әрі терең ойлайтын жандардың әңгімесіне қосылу, — дедім мен, — бұл таптырмас мүмкіндік!».

«Өтінемін сенен, қайдағыны айтпа. Кез келген адам осындай әңгіме-сауыққа қатыса алады. Жай ғана кітап оқыса жеткілікті!»,- деді ол.

Сол кезде тарихшы-студент шағымда мен аптасына 3-4 кітап оқитын едім. Және Глорияның айтқаны рас: кітап оқу маған білімді кісілердің пікірталасына қатысуға жол ашатын еді.

Он жылға алдыға, яғни, қазіргі уақытқа келейік. Мен тағы да сондай әңгіменің қатысушысы болып отырмын. Көп нәрсе өзгерді. Мен барынша әдеби емес кітаптарды көп оқуға тырысамын. Аз дегенде аптасына бір кітап. Себебі, бұл — өмір сүруіме өте қажет. Біріншіден, алдағы уақытта мен туынды авторымен әңгімелескім келеді ме, оның оқырмандарымен оның идеясын бөлісе аламын ба, жоқ па, соны түсінуім керек. Ал, екіншіден, оны бәрібір кездесуге шақыруға бел бусам, біздің ортақ әңгіме қызықты болуы тиіс.

Әрине, одан бөлек көп оқу мені нәрлендіреді: мен жаңа білім аламын және өмірлік тәуекелге барамын. Оқиға мәнін терең түсінетін болғандықтан өз-өзіме сенімім артады және басқаларды жақсы түсіне бастаймын.

Дегенмен, кітап оқу – көп уақытты алады. Мен аптасына бірнеше кітап оқуға шешім қабылдағаннан кейін, жұмысым бастан асып кетті. Оған қоса мен баяу оқимын.

Мен жылдам оқудың барлық тәсілдерімен таныстым, бірақ ешқайсысы пайдалы болған жоқ. Жарнама кітап мазмұнын ашпайды, ал қысқаша аннотацияның түкке де пайдасы жоқ. Олай болса, аптасына бір кітап немесе бірнеше кітапты қалай оқып тұруға болады?

Менің жағдайымда университет кезінде Латын Америка тарихынан тәлім берген Майкл Хименес есімді профессордың кеңесі расымен де жұмыс істейтін тәсілге айналды. Бірде мен оған оқу жүйесі қажет ететін әдебиеттердің барлығын оқып тастау өте қиын екенін айтқан болатынмын.

«Сіз барлық туындыны әдеби кітаптар сынды бірінші сөзден аяғына дейін оқып шығуға тырыспайтын шығарсыз?..», — деп сұрады профессор.

Мен оған тура солай істейтінімді айттым.

Ол аудиториядағы басқа студенттерге көз тастап еді, барлығы келіскендей басын шайқай бастады. Сол кезде ол барлығымызды бірге жинап, нон-фикшн тәсілімен қалай оқу керектігін үйретті.

«Тыңдаңдар, — деді ол, — барлық кітапты оқып шығудың еш қажеті жоқ. Сіздерге керегі — ол жерде не жазылғанын түсіну».

Ары қарай ол бізге әдеби туындының автор әлеміне толығымен кіруін қажет ететінін түсіндірді. Нон-фикшн тәсілі – біздің басқарушылық жұмысымызда өз көзқарасымызды қалыптастырып, барлығынан хабардар болып отыруға көмектесетінін айтты.

Оқырман ретінде біз бір кітаптан екінші кітапқа ауысқанда жылдамдығымызды арттырамыз. Көп оқыған сайын автор көзқарасын түсініп, басқа жазушылардан айырмашылығын байқаймыз. Ақпарат алып, олардың кеңесін қолданып, жұмыс барысында керегін жүзеге асыра бастаймыз. Басқаша айтқанда, көп оқыған сайын процесс те тез жүретін болады.

Сіздердің назарларыңызға әдеби емес кітаптарды оқу кезінде қолданатын профессор Хименестің кеңестерін ұсынамын. Өзім де оларды сәл толықтыра кеттім.

  • Автордан бастаңыз. Бұл кітапты кім жазды? Оның қысқаша өмірбаянын оқып шығыңыз. Егер одан алынған сұхбат немесе автор туралы мақала тауып жатсаңыз, көз жүгіртіп шығыңыз. Ол сіздің оның көзқарасы мен сенімінен хабардар болуға көмек береді.
  • Кітаптың атын, тақырыпшасын, мұқабасындағы пікірлер және мазмұнын оқыңыз. Кітаптың басты идеясы неде? Оның мазмұнының құрылымы қандай? Міне, осыдан кейін сіз бұл кітапты оқымаған адамға туындының не туралы екенін айтып бере алатындай жағдайда боласыз.
  • Кіріспе және қорытындымен танысыңыз. Автор айтар ойын өзінің бастапқы сөзі мен қорытынды сөзінде жазады. Екі бөлімді де оқып шығыңыз, бірақ ұзақ қадалып қалмаңыз. Сіз автордың не айтқысы келетінін шамамен білетін боласыз. Ал осы бөлімдерде автор ойын қалай жеткізетінін және нәтижесін түсіндіріп береді.
  • Оқыңыз, әрбір бөлімге көз жүгіртіп шығыңыз. Тақырыбын оқыңыз, бастапқы бірнеше параграфты немесе бөлім парақшаларын оқып шығыңыз. Сіздің міндетіңіз – бөлімнің мақсатынан хабардар болу, кітаптың басты идеясына қай жерімен сәйкес келетінін түсіну. Одан кейін автор ойының дамуынан хабардар болу үшін бар болған жағдайда тақырыпшаларына көз жүгіртіңіз. Әрбір параграфтағы бірінші және соңғы сөйлемді оқыңыз. Мағынасын түсінсеңіз, ары қарай жылжыңыз.
  • Кітапты аяқтаған соң, мазмұнына қайта көз жүгіртіңіз. Миыңызда кітаптың қысқаша мазмұнын құрастырған жөн. Тағы бір рет оймен кітапқа шолу жасаңыз: айтар ойын, сіздің назарыңызды қаратқан сәттерді, оқиғаларды есте сақтаңыз!

Мен автормен кездесуге дайындық ретінде кітап оқу процесінде керекті жерлерін парақшама белгілеп отырамын. Қай сөзінде мен онымен келісемін? Ойымыз қай жерде ажырайды? Менде қандай сұрақтар бар және қайсысы түсіндіруді қажет етеді? Басқа адамдарға нақты не туралы айтатын едім? Қажетті жерді белгілеп отыру кез келген оқырман үшін пайдалы.

Және тағы бір қызығы: дәстүрлі оқуға қарағанда осындай оқу тез жүзеге асқанымен (бұрын оқуға 6-8 сағатым кететін болса, қазір бір кітапқа 1-2 сағат уақытым кетеді), басыңызда барынша көп ақпарат сақталады. Оның құпиясы сіз кітапты жай ғана оқып қоймайсыз, сіз ақпаратпен өзара әрекеттесіз. Сіздің миыңыз әрқашан дайындық күйінде болады, сондықтан кітаптағы ойды толықтай қабылдай аласыз. Сіз оқыған мәтінді сылбыр қабылдамай, оны толығымен ұғынасыз.

Яғни, біз барлығымыз кітап оқу арқылы ақылды адамдардың терең де ойлы әңгімесінің тыңдаушысы бола аламыз. Барлығымыз да тың идеяларға жол ашып, оларды өз өмірімізде жүзеге асыра аламыз.

Дереккөз: Hipo.kz