«Ақтау теңіз порты» АЭА-ға 98 млрд теңгеге жуық қаржы тартылды

«Ақтау теңіз порты»
Фото: docplayer.net

Алматы. 24 желтоқсан. 7kun.kz – «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағына 15 жылда 98 миллиард теңгеге жуық қаржы тартылып, 1153 жұмыс орны құрылды, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында орналасқан бірқатар нысанның жұмысымен танысты.

«Теңіз портындағы экономикалық аймақ құрылған сәттен бастап шамамен 98 млрд теңге тартылды. 283 млрд теңге сомаға өнім өндірілсе, 24,5 млрд теңге мөлшерінде бюджетке салық төленді. Сондай-ақ 1153 жаңа жұмыс орны құрылды. Бүгінгі күні арнайы экономикалық аймақта 28 жоба тіркелген, оның ішінде 17-і  тұрақты жұмыс істеп тұр, 1 жоба іске асырылу сатысында. Тағы 7 жоба 2019-2020 жылдарға жоспарланған», — делінген облыс әкімдігінің ресми сайтында.

АЭА-да облыс басшысы алдымен, болат өндіретін зауыт «Болат құю орталығы» ЖШС құрылысымен танысты. Зауыт қуаты 1 мың тоннаға дейін құйма бұйымдар мен өнеркәсіп шаруашылығының әр саласында қолданылатын шойын мен болаттан жасалған бұйымдарды шығарады. Өнімдер Қазақстанның ішкі нарығына, сондай-ақ экспортқа бағдарланған.

Кейін Е.Тоғжанов битум негізінде қатты және сұйық гидрооқшаулағыш материалдар шығаратын «SATEX CHEMIE» ЖШС мен «Маңғыстау индустриялық паркіне» барды. Индустриялық аймақ 2017 жылдың маусым айында Ақтау пластикалық зауытының базасында құрылған. Кәсіпорынның инфрақұрылымы энергия ресурстарын транзиттеу, өнеркәсіптік ағындарды тазарту және 20 субабоненттің үздіксіз жұмыс істеп, кірме жолдарды ұсыну үшін тартылған.

Облыс басшысы мұнай жабдықтарын жөндейтін «ТехСнабТрэдинг» ЖШС мен қасбетті қаптау материалдарын дайындайтын «Вест Декор» ЖШС жұмысымен де танысты.

Құрылысы 2008 жылы басталған «КОС-2» кәріз суын тазарту кәсіпорнының жай-күйі де белгілі болды. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізіліп, уақытылы қаржыландырылмағандықтан құрылыс жұмыстары ұзаққа созылған. Қазіргі уақытта 3,4 млрд теңге сомасындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының 98% аяқталды. Енді іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тазартылған судың  80% «Қошқар Ата» су қоймасына құйылады.  Ол шаң-тозаңның алдын алып, көлдің аумағын арттырмақ.

«Алдағы уақытта «КОС-1» ден «КОС-2»-ге дейін 2 құбырлы канализациялық желі құрылысын тарту қарастырылуда.  Бұл «КОС-1» жұмысын тоқтатып, қаланың сарқынды суларын толығымен «КОС-2» тазалауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта «КОС-2»-нің екінші кезеңін әзірлеу үшін қуаттылығы 40,0 мың м3/тәул болатын жобаның сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі кезде кәріз суын тазарту жұмысының қорытынды қуаты — тәулігіне 70,0 мың текше метр. Ол  қала мұқтажын толықтай қанағаттандырады деген сөз. Алдағы уақытта тазартылған суды әуежай мен «Қошқар Ата» көлінің айналасындағы жасыл желектерді суару үшін пайдалануға беріледі. Ол  жұмыстар 2019 жылдың наурыз айында аяқталады», — деді әкім Ералы Тоғжанов.