Қарағанды өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша екінші орында

Қарағанды өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша екінші орында

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша Қарағанды облысы республикада екінші орында. 2015 жылдың бірінші тоқсаны қорытындылары бойынша аймақта экономиканың өскені байқалады. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

«2015 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында облыста өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 312,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға көп. Кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 34 млрд теңгеден асты (өсім — 10,3%-ға артқан), өңдеу өнеркәсібінде — 219,2 млрд теңге (өсім 12,6%-ға артқан) болды», — делінген әкімдік баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

І тоқсанда өнеркәсіпке құйылған инвестиция 48,3 млрд теңгені құрап, 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 50%-ға жуық артқан. Өңдеу өнеркәсібіне 35,8 млрд. теңге (өсім 101,9 пайыз) инвестицияланды.

Бірінші және екінші бесжылдықтардың Индустрияландыру картасына аймақта 9400 жұмыс орнының құрылуымен 450 млрд теңгеге 84 жоба енгізілді. Жобалар өнеркәсіптің 12 саласын қамтып отыр.

«ҮИИД мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жылдарында жалпы сомасы 122 млрд. теңгені құраған 59 өндіріс ашылып, 4458 жұмыс орны құрылды. І тоқсанда бұл кәсіпорындар 15,9 млрд. теңгеге өнім шығарды. Жыл соңына дейін Индустрияландыру картасы бойынша 77 млрд. теңгеге 8 жобаны іске қосу, сонымен бірге 600 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр», — делінген хабарламада.

Қазіргі кезде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының аумағында екі кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. 2015 жылы тағы бір өндірісті іске қосу жоспарланды.

«Бұдан басқа, машинажасау, металлургия және құрылыс индустриясы саласында инвестициялық жобаларды іске қосуды жоспарлап отырған төрт резидент АЭА-тың қатысушысы болмақ», — дейді облыс әкімдігі.