ЛОНДОН – Лас-Вегастағы қантөгіс пен оның ізін ала болған оқиғалар — нағыз Америкаға тән көріністер. Есінен алжасқан адам қонақүйдің 32-қабатына заманауи қарудың жиырма шақтысын алып шығып, концерт көріп жатқан жұртты қан-жоса қылып, артынша өзін атып тастады. Сөйтіп, қаруға шектеу қоюды жақтайтындар мен оған қарсылардың арасындағы бітіспес дау-дамай қайта өрбіді. Бірақ бір ақиқатқа қатысты консенсус бар: бұдан бәрібір көп нәрсе өзгере қоймайды. Жүректі қан жылататын бір аптаға созылған жерлеу рәсімдерінен соң Америкадағы өмір келесі қантөгіске дейін қайтадан бұрынғы қалпына көшеді.

Жаппай зорлық-зомбылық Америка мәдениетінде терең тамыр жайған. Америкаға Еуропадан келген қоныс аударушылар екі ғасыр бойы жергілікті халыққа геноцид жасап келді, одан соң тамыры тереңге кеткен құлдық экономиканы орнатты. Бұған тек жойқын азамат соғысы ғана тосқауыл қойды. Басқа елдердің бәрінде, соның ішінде патшалық Ресейде, құлдық пен крепостниктік құқық төрт жыл бойы қан төкпей-ақ, жарлықтың не заңның күшімен тоқтатылды. Құлдық қоғам біткен соң Америка бір ғасырға созылған апартеид жүйесін орнатты.

Бүгінде Америкадағы кісі өлтіру және түрмеге қамалу көрсеткіші Еуропадағыдан бірнеше есе жоғары. Мұнда жыл сайын жаппай кісі өлтіру оқиғасы болып тұрады, ал АҚШ-тың өзі шетелдерде ешқашан бітпейтін соғыс жүргізіп келеді. Қысқаша айтсақ, Американың тарихы да, қазіргі өмірі де нәсілшілдік пен шовинизмге, жаппай атыс-шабысқа тұнып тұр.

Лас-Вегастағы атыс шабуыл қаруына тыйым салу керектігін тағы да дәлелдеді. 1994 жылдың қыркүйегі мен 2004 жылдың қыркүйегі аралығында шабуыл қаруына тыйым болған кезде атыстардың саны азайды. Дегенмен, қаруды қолдайтындардың лоббиіне шыдас бере алмаған Конгресс бұл тыйымды әрі қарай созбай қойды. Бұл тыйым жуықта федералдық деңгейде қайта енгізіледі деуге еш негіз жоқ. Лас-Вегастық мергеннің жартылай автоматты мылтықты автоматты қару сияқты пайдалануына мүмкіндік берген «атқыш құрылғыға» шек қойылуы мүмкін, бірақ федералдық деңгейде бұдан басқа шара қолданылмайтын тәрізді.

1996 жылы Австралия шабуыл қаруына тыйым салған соң жаппай ату бірден тоқтады. Америкадағы қаруды жақсы көретіндер бұл дәлелді жоққа шығарады. Олар керісінше «Лас-Вегастағы сияқты атыстар мына алмағайып заманда бізді тек отты қару ғана қорғай алатынын дәлелдейді» дейді. Соңғы сауалнама нәтижелеріне қарасақ, әсіресе АҚШ-тың оңтүстігі мен орталық-батысындағы ауылдық жерлерде және қала маңында тұратын ақ нәсілді америкалықтар арасында қаруға деген құмарлық басым екен. Президент Дональд Трампқа қолдау білдіріп отырғандардың көбі де дәл осы демографиялық сегменттен екені белгілі.

Елде идеологиялық бөлшектену тым қатты болып тұрғанына қарамастан, аздаған үміт сәулесі де қылаң береді. АҚШ-тың конституциясы бойынша әр штаттың атыс қаруына тыйым салуға автономды құқығы бар (дегенмен, олардың тапанша мен мылтыққа шек қоюға қақысы жоқ, себебі конституцияға енгізілген екінші түзетуді талдаған Жоғарғы сот «әркімнің қару ұстауға қақысы бар» деген қорытынды шығарған). Мен тұратын Нью-Йорк штаты мен тағы бірнеше штат шабуыл қаруларына тыйым салған. Вашингтонда жеңіске жетеміз деп тағы да тыраштанғанша, басқа штаттарды өз құқықтарын пайдалануға ынталандырған әлдеқайда пайдалы болар еді.

Бұлай істеген штаттарда жаппай кісі өлтіру азайып, азаматтардың қауіпсіздігі күшейеді әрі экономика да дамиды. Лас-Вегас жақында болған қырғынның қасіретінен жапай шегіп қана қоймайды, мұнда туризм де бәсеңдеп, конференциялар да сирей бастайды. Невада штаты шабуылдаушы қаруларға қарсы шығып, қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейінше, бұл жалғаса береді.

Бүгінгі Америка қызыл (консервативті) және көк (прогрессивті) штаттарға ғана бөлінбейді. Іс жүзінде мұнда мәдениеті, батырлары, саясаты, диалектісі және экономикасы бөлек, екі түрлі ел өмір сүріп жатыр. Нью-Йоркте еркіндік дегеніміз — күн сайын көше бойында, парктерде сенімен қатар жүрген бейтаныс жандар кісі өлтіретін қару ұстап жүр ме екен деп үрейлену емес. Ал Техас пен Лас-Вегаста еркіндік деген өзіңді қорғайтын атыс қаруын қалаған жеріңе алып бару деген сөз.

Қызыл штаттар мен көк штаттардың әрқайсысын өз жолымен жіберетін уақыт келді. Штаттардың арасында жалған достық пен бауырластық орнату үшін тағы бір азамат соғысып бастан өткерудің қажеті жоқ. Бұл жағынан консерваторлар дұрыс айтады, билік бөлінісі мен фундаменталды құқықтар жөніндегі конституциялық шектеулерді негізге ала отырып, федералдық үкіметтің билігін шектеп, кірістерді бақылау және ішкі тәртіпті реттеу мәселесін штаттардың өздеріне қайтарған жөн. Осылай істегенде мәдени соғыстың екі басында тұрған штаттар бір-бірін өз жағына таруға тырысудың орнына өздері қалаған нәтиже жолында жұмыс істей береді.

Мұндай кеңқолтық федералдық үкімет біздің штаттың өркендеуіне жол ашады. Менің штатым ішкі тәртіпті күшейтуде еркін әрекет етіп, қазір федералдық үкіметке кетіп жатқан ішкі қоры мен салықтарын өз ішінде қалдырып, әлеуметтік қызметті жақсартқан болар еді. Федералдық үкімет әлсіз болған сайын АҚШ Таяу Шығыста соғысқа азырақ араласар еді.

Соның арқасында ерте ме, кеш пе, АҚШ қаруды бақылау туралы федералдық заң қабылдайды. Конгрессмендердің арасында өз өмірлері де оқтың ұшында тұрғанын (өкінішке қарай, бұл шынымен солай) түсінетіндер көбейген сайын олар ұлттық деңгейде әрекет жасай бастайды. Соңғы он жылдың ішінде екі бірдей конргессмен оққа ұшты: 2011 жылы Габриел Гиффордс, ал биыл Стив Скелайз қаза тапты. Әзірге Конгресс мүшелері қарулы ақымақтар мен қаруды қолдайтын лоббистердің арасында текетірестің тұтқыны болып отыр. Қорқынышты болса да, шындық — осы.

Трамп басқаратын Америкада қантөгіс пен тұрақсыздық үйреншікті жайтқа айналған. Жылдам жүзеге асатын ұлттық деңгейдегі шешім ауадай қажет. Бұл іске асқанға дейін АҚШ-тың штаттары өз іштерінде қаруға шек қоя бастауы тиіс.

Автор туралы: Джефри Сакс — Колумбия университетінің түрақты даму, денсаулық сақтау саясаты және менеджмент профессоры, Колумбия университетіндегі Тұрақты даму орталығының және БҰҰ Тұрақты даму мәселелері желісінің директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org