Арыстық кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін несие беріледі

кәсіпкерлер
Фото: bbfx.ru

Алматы. 2 шілде. 7kun.kz – Арыс қаласында Түркістан облысы әкімінің тапсырмасы бойынша кәсіпкерлер үшін «Қамқор» бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама бойынша жеңілдікті және кепілсіз несие сомасы 5 млн теңгеден аспауы тиіс, несие жылдық 1% мөлшерінде алынады.

Бұл бағдарлама бойынша несие мерзімі 4 жылды құрайды.

«Қазіргі уақытта қалада «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының 25 қызметкері жергілікті кәсіпкерлердің мәселелерін шешуде. 10 күн ішінде олар төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен бизнес-объектілерді бағалайды және тиісті шығын сомасын есептейді. Жалпы Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысаны тіркелген, оның 258-і зардап шекті. 253 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіледі, ал 5 нысан толығымен қайта жаңартылады. Бұл мақсатқа тиісті қаражат бөлінеді», — делінген хабарламада.

Өткізілген кездесулер барысында қажетті кеңес алған екі кәсіпкерге 10 млн теңге көлемінде несие беріледі. Бұдан басқа, қалада шағын және орта бизнес субъектілерінің барлығы 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтық демалыс алады.

Айта кету керек, жеңілдетілген несие үшін жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлінеді. Оған қоса, 300 млн теңге «Даму» қорынан қосымша беріледі.