Астанаға көлікпен кіру ақылы болуы мүмкін

Астана. 31 мамыр. 7kun.kz — Астанаға көлікпен кіру ақылы болуы мүмкін. Бұл туралы қаланың Қоғамдық кеңесінің отырысында мәлім болды.

«Бүгінгі таңда қалада тәулігіне 400 мыңға жуық көлік тіркеледі, сондай-ақ, елордаға алты бағыттан тәулігіне 74 мыңға жуық көлік келеді, бұл көлік қою жағдайларын қиындатып, көлік кептелістерін және т.б. жағдайларды тудырады. Трафикті ең тиімді шектеудің жолдарының бірі қала кіруді ақылы ету болып табылады. Біз қала аумағында көшелердің белгілі бір учаскелерін ақылы қылуды ұсынамыз, — деді қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов.

Нақты қай учаскелердің ақылы болатыны әзірге белгісіз. Қоғамдық кеңес мүшелері осы мәселеге қатысты көп ескерту жасап, сөгіс айтты. Осыған байланысты ақылы тұрақтар жобасы бойынша Қосымша құжаттар, түсіндірмелер, сызбалар сұратып, мәселені Қоғамдық кеңестің келесі отырысында қарау туралы шешім қабылданды. Қалаға кіруді ақылы ету бойынша ешқандай қорытынды шығарылған жоқ.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес отырысында ақылы көлік тұрақтары мәселесі қаралды. Белгілі болғандай, бірінші кезең аясында сол жағалауда көлікке арналған 910 орын қамтылады, бастапқыда жоба тестілік режимде жұмыс істейді.

«Әрине, жоба кезең-кезеңмен енгізіледі. Бірінші кезеңде сол жағалауда көлік қоятын 910 орын қамтылады. Біздің міндетіміз жобаның жұмыс істеу қабілеттілігін және оны одан әрі жүзеге асыру үшін қажетті барлық техникалық көрсеткіштерді анықтау болып табылады. Ақылы тұрақ – ақша өндіріп алу құралы емес, бұл көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайтудың бір құралы», — деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде ақылы тұрақты пайдаланғаны үшін базалық тарифті бекіту туралы қаулы әзірленіп жатыр. Есептеулер бойынша ол 182 теңгені құрауы тиіс, бірақ әлеуметтік маңыздылығын ескере келе, сағатына 150 теңгеден белгілеу ұсынылып отыр. Мүгедектігі бар адамдар тұрақты тегін пайдаланады.

Отырыс барысында төлемнің тек күндізгі уақытта ғана алынатыны айтылды, ал жобаның екінші кезеңінде ақылы тұрақтардың жанында орналасқан үйлердің тұрғындарына резиденттік рұқсаттар беру қарастырылады. Олар өз көліктерін тегін қоя алатын болады.