Астана әкімі қайта тағайындалды

Астана әкімі қайта тағайындалды.........................

Әділбек Жақсыбеков Астана әкімі болып қайта тағайындалды. Бұл шешім бесінші шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 51-ші сессиясында қабылданды деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Сессия барысында халық қалаулылары Мемлекет басшысының Астана қаласының әкімі қызметіне Әділбек Жақсыбековті тағайындау туралы ұсынысын бірауыздан қолдады», — делінген хабарламада.

Өз кезегінде қайта тағайындалған қала басшысы мәслихат депутаттарына сенім білдіргендері үшін алғысын білдірді.

«Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Өздеріңіз білетіндей, Президент бес институционалды реформаны жариялады. Оларды жүзеге асыру үшін барлығымыз бірдей жұмылуымыз қажет. Елорданың көрікті келбетін одан әрі қалыптастырып, Елбасының бағдарламаларын іске асыруымыз керек», — деді Ә.Жақсыбеков.

Ә.Жақсыбеков елорда әкімінің қызметіне үшінші рет тағайындалып отыр.

Астана елорда болғалы бері Ә.Жақсыбеков қаланы 1997-2003 жылдары басқарды. Екінші рет 2014 жылдың 22 қазанында тағайындалған-тын. Қазір үшінші мерзіміне кірісті.