Astana Media Week алаңында контент-маркет 15 телеарна мен 50-ден астам продакшн-студияның басын қосты

112
Фото: egemen.kz

Астана. 26 қыркүйек. 7kun.kz – Бүгін басталған Astana Media Week медиаапталығы контент-маркет шарасымен ашылды. Айтулы көрмеге 15 телевизиялық компания, 50-ден астам продакш-студия және медиа индустрия өкілдері қатысуда.

Astana Media Week-2018 медиаапталығының ашылу салтанатында сөз алған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазіргі Қазақстан қоғамындағы медианың маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.

«Сіздердің идеяларыңыз күн сайын ақпараттық ландшафты өзгертіп қана қоймай, сонымен қатар саясаттан бастап қаржыға дейінгі, ауыл шаруашылығынан бастап спортқа дейінгі  түрлі салалардағы үдерістерге күш беруде. Осының нәтижесінде өзекті мәселелерді кеңінен талқылау, нақты шешімдерді әзірлеу және әрі қарай жұмыс істеу механизмдері айтарлықтай артып келеді. Дәл осы мақсатты көздеген Astana Media Week апталығы өз алаңында журналистер мен мемлекеттік органдары  өкілдерінің ғана емес, сондай-ақ  PR-қоғамдастығы мен шетелдік мамандардың да басын қосып отыр », — деді Д.Абаев.

Сонымен бірге, өткен жылғы Astana Media Week-2017 медиаапталығында республикалық телеарналардың көптеген жаңа әрі қызықты жобаларды ашқандығын атап өтті және кәсіби қоғамдастық үшін AMW дәстүрлі шараға айналатындығына сенім білдірді.

Контент-маркет – медиа-контентке тапсырыс берушілер, ірі телевизия және радиокомпаниялар мен продакш-студия, шығармашылық ұжымдар, продюсерлік орталықтар, ақпарат саласындағы авторлық жобалар, медиа-ойын-сауық, музыка және кино сияқты өндірістің жеке нарық өкілдері арасындағы диалог үшін тиімді алаң.

Бұдан бөлек, бүгін кәсіби мамандар телевизиялық, интернет және басқа да медиаөнімдердің жобаларын ұсынған кәсіби және ашық питчингтер өтуде.

Сондай-ақ, медиаапталықтың қатысушылары «Болашақ мамандықтары» деп аталған бейресми MediaTalks конференциясында медиа индустрияның аса маңызды тақырыптарын талқылайтын болады.

28 қыркүйекке дейін жалғасатын медиаапталыққа 2000 қонақ пен қазақстандық және шетелдік медиа индустрияның 60 топ менеджері, 15 республикалық телеарна мен 50-ден астам продакшн-компаниялар қатысуда. Аталған іс-шара шеңберінде заманауи медиа-нарықтарды дамытудың маңызды тақырыптары бойынша шеберлік сыныптары мен панельдік пікірталастар, аймақтық БАҚ форумы және шетелдік сарапшылардың қатысуымен Astana Digital Forum өтеді.