Астана ойын-сауық орталықтарына келушілер саны екі есе артты

Астана
Фото: youtube.com

Астана. 28 қыркүйек. 7kun.kz — ЭКСПО көрмесі өткен үш айда Астана сауда орталықтары мен мен ойын-сауық орталықтарына келушілер саны тәулігіне 70 мың адамға артты. Бұл туралы қала әкімдігінің медиа орталығы хабарлайды.

Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Рысгүл Қауғабеваның сөзінше, сауда ойын-сауық орталықтарына 2016 жылы бір күнде 33 мыңға жуық адам келсе, 2017 жылы тәулігіне 70 мың адамды құраған.

«Сауда орталықтарында көрме кезінде кең ауқымды 180-ге жуық мерекелік шаралар өткізілді. Көрме кезінде келушілердің санын арттыру мақсатында олар кәдесый өнімдерін сататын арнайы дүңгіршектер ашып, балалар демалысын дамытты. Себебі, жаз мезгілі балалардың оқу демалысына шыққан кезі болатын. Бұдан бөлек, түрлі шаралар өткізді», — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ жаз айларына Астана қаласының бірқатар базарлары келішулердің жайлылығы мен қолайлығы үшін жұмыс уақытын өзгерткен.

«Базарларды алатын болсақ, мұнда да өсім көлемі 2-2,5 есеге артты. Қала базарларына келушілер саны бір күнде 15 мыңға дейін жетті. Көрме аяқталысымен қала базарлары белгіленген кестеге сейкес, бұрынғы тәртіппен жұмыс істеп жатыр», — деді Рысгүл Қауғабаева.

Айта кетейік, Астанада 8 ірі сауда ойын-сауық орталығы жұмыс істеп тұр.

Айгүл Хожантаева