Қазақстан тегін дәрілерге 178 млрд теңге бөледі

тегін
Фото: Lifetime.ua

Алматы. 6 қараша. 7kun.kz — Дәрі-дәрмек сатып алу жөніндегі бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС 2018 жылы тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған сатып алу рәсімдерін бастап кетті деп хабарлайды СК-Фармация баспасөз қызметі. 

«СҚ-Фармация» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әсемгүл Ержанова сатып алынатын дәрі-дәрмектердің көлемін медициналық ұйымдардың өздері мәлімдегенін, ал тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектер тізімін Денсаулық сақтау министрлігі бекіткендігін түсіндірді. «Бірыңғай дистрибьютордың бұл тізіміне,  әрбір препаратқа шекті сатып алу бағасын көрсетіле отырып,  барлығы 1137 дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың атаулары қосылды. «2018 жылға алдын ала берілген өтінімдер бойынша барлығы 178 млрд. теңге көлемінде сатып алу жоспарланған. Қазір тендер жалпы сомасы 82,4 млрд. теңгені құрайтын 489 атауларға жарияланды», — деп түсіндірді Әсемгүл Ержанова.

Тендерге қатысу үшін барлығы 40 фармкомпаниялар өтінім берді. Үрдістің ашықтығын қосымша қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай дистрибьютор тендерлік рәсімдерге қатысу үшін ІІМ, Бас прокуратура, ҚР ҰҚК, есеп комитеті, «Нұр Отан» партиясы өкілдеріне шақыру жіберген. ҚР ІІМ Медициналық ұйымдарының және бейінді қауымдастықтардың өкілдері рәсімдерге бақылаушы ретінде қатысуға келісті.