ЕАЭО-ға мүше елдер ГМО өнімдеріне талапты күшейтеді

мүше
Фото: ВедаМост

Алматы. 1 ақпан. 7kun.kz – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер құрамында гендік модификацияланған организмдер (ГМО) бар өнімдерге талапты күшейтеді. Енді ГМО көлемі қалыпты 0,9 пайыздан асып кеткен өнімнің қорабында «ГМО» таңбасы үлкен әріптермен жазылады. Бұрын мұндай жазу ұсақ әріппен берілетін. Бұл туралы Еуразия экономикалық комиссияның баспасөз қызметі хабарлады.

5 елге ортақ ереже 2018 жылдың соңында күшіне енеді. Ал әлемдік ғылыми қауымдастық әлі күнге гендік түрленген өнімдердің пайдасы мен зияны туралы біржақты шешім шығара алмай отыр.

Гендік модификацияланған өнімді бір кісідей зерттеп келе жатқан академик Төрегелді Шарманов ГМО-ны қолдайды. Қарт ғалым мұндай өнімдер рак ауруын тудырады, ағзаны улайды дегенмен де келіспейді. Себебі адамның гені тамақтан бұзыла салатындай әлсіз емес.

«Ағза ерекше құрылған 4 кезеңнен тұрады. Оның біреуінен өтсе, екіншісінен өте алмайды. Сондықтан қауіп жоқ. Сондықтан одан қорқуға да болмайды. Одан қауіптеніп, біз осындай болып қалдық деген – бұл ғылымға сәйкес келмейтін қате ұғым», — деді ғалым.

Қазір әр елде ГМО қоспасын тағамда пайдаланудың өзіндік деңгейлері бар. Мысалы, Жапонияда –ол 5 пайыз, кейбір Еуропа елдерінде – 0,9 пайыз, АҚШ-та – 10 пайыз ГМО қоспасын пайдалануға рұқсат етілген. Қазақстанда ГМО мөлшері 0,9 пайыз деп бекітілді.

«Әлі күнге дейін ғылыми нақтылық жоқ. ГМО-ның қауіпті екенін дәлелдейтін жұмыстар бар, бірақ оны жоққа шығаратын да ғылыми жұмыстар көп. Оның үстіне, ГМО өндірушілері ұзақ мерзімді зерттеулермен айналыспайды, олар жүргізген зерттеудің ең ұзағы 90 күн ғана. ГМО денсаулыққа қауіпті. Тәжірибеге қатысқан көртышқандардың екінші және үшінші ұрпақтары көбею мүмкіндігінен айырылған. Қалай дегенмен де, әлем қазір органикалық өнімге бәс тігіп отыр. Оның нарығы қазір 90 млрд АҚШ долларына тең», — дейді «KazFOAM» органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы федерациясының төрағасы Евгений Климов.

Қания Табыс