Қазақстандағы жиһаз фабрикалары жабылып жатыр

1010

Жиһаз өндірісі екі есе құлдырады. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының вице-президенті Игорь Проценко осылай дейді. Тауарлардың бұрынғыдан әлдеқайда аз сатыла бастауы тек отандық кәсіпкерлерге емес, шетелден тасымалдайтындарға да әсер етіп отыр.

«Мәліметтерге сәйкес, жиһаз нарығында сатылатын тауарлар көлемі 30 пайыздан 60 пайызға дейін азайып кеткен. Бұл бөлшек те, көтерме де саудада төлем жасауға қабілетті тұтынушылардың азайып кетуімен байланысты. Одан бөлек, барлық жиһаз өндірушілердің 30 пайызға жуығы жабылып қалды», — дейді Игорь Проценко.

Оның айтуынша, жиһаз нарығы бір-бірімен тығыз байланысты құрылымдардан тұрады. Тауар жасайтын нарықта тұрмыс жиһазын даярлайтын бөлшек сауда секторы деген бар, өз ішінде ол ас үй, я жатын бөлменің жұмсақ жиһазын жасайтын және кеңсе мен зертхана жиһазын құрастыратын арнаулы бағыт болып екіге бөлінеді. Егер алғашқысында тауар өндірісі қарқынды дамып, екіншісінің де бағытын, яғни кеңсе жиһаздарын да жасай бастаса, екінші бағыт амалсыз бағаны түсіреді де, тауарды арзанға сата бастайды. Бұлай жасауды қаламайтын кәсіпорындар не жабылып қалады, не өндірісті уақытша тоқтатып қояды.

«Алғашқы бағытпен айналысатын кәсіпорындар саны көбейіп, бәсекелестік күшейіп жатыр. Одан бөлек, 2016 жылы отандық өндірушілерді қолдайтын бағдарлама аяқталғаны да жағдайды қиындатып жіберді. Осы бағдарлама аясында республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік тапсырыстарды, жаңа ғимараттарды жасақтау жұмысын үлестіру кезінде жергілікті жиһаз өндірушілерге заң жүзінде басымдық берілетін. Мұндай қолдау енді тоқтады да,  отандық өндірушілер шетелден тауар әкелетіндермен бәсеке түсуге мәжбүр», — дейді сарапшы.

Айта кетейік, 2016 жылдың қаңтар-тамыз айларында жатын бөлме жиһазының өндірісі 34,1 пайызға, ас үй жиһазын жасау 16,2 пайызға артқан. Бірақ өндірістің алғашқы бағыты дамығанмен, бағаның түсуі мен бәсекеге төтеп бере алмаған кәсіпорындар өндірісі азайған: металды каркасы бар орындықтар өндірісінің үлесі 42,8 пайызға, кеңсе жиһаздарын жасау 54,9 пайызға азайған.