Қазақстандық миллиардерлердің қанша қаражаты бар?

қазақстандық
Болат Өтемұратов, Әлижан Ибрагимов, Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева, Владимир Ким. Көркем сурет tengrinews.kz сайтынан алынды.

Forbes-тің есебінше 2017 жылы Қазақстандық миллиардерлердің қаражат көлемі 10,6 млрд доллар болды. Осы жылы олардың табысы 2016 жылдан қарағанда 1,3 млрд долларға артқан. «Бұл тау-кен компанияларындағы баға өсіміне байланысты» дейді басылым.

2017 жылы ең көп табысқа кенелген миллиардер Владимир Ким. Оның қаражаты 600 млн долларға көбейген. Ал Әлижан Ибрагимовтың кірісі 500 млн долларды құрады. Нәтижесінде Владимир Ким Қазақстан миллиардерлерінің тізімінде төртінші орыннан екінші орынға көтеріліп Тимур және Динара Құлыбаевалардың жанына тұрақтады. Олар рейтингтегі өз орнын сақтап қалды. Ал Болат Өтемұратов төртінші жыл қатарынан көшбасшы болып қалды.

Болат Өтемұратов

Болат Өтемұратов. Фото informburo.kz сайтынан алынды

Рейтингтегі орны (Қазақстан/әлем): 1/896

Қаражаты (өткен жылғы табысы): 2,3 млрд доллар (2,3 млрд доллар)

Жасы: 59

Табыс көзі: банктер, телеком, қонақүй бизнесі, металл.

2016 жылы Forte Bank «Даму» қорының кепілдемесі бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚҚДБ) 60 млн доллар көлемінде несие алды. Ондағы мақсат ШОБ пен «Бизнестегі арулар» бағдарламасы аясындағы жобаларды қаржыландыру.

2016 жылдың соңында Болат Өтемұратовтың бақылауындағы Verny Capital қоры Talan Towers бизнес орталығын пайдалануға берді. Премиум класстағы 30 қабатты бизнес орталық Астана қаласында орналасқан. Инвестицияның жалпы көлемі 350 млн долларды құрады.

Сонымен қатар, өткен жылы Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры Өскемен қаласында төртінші диагностикалық-реабилитациялық орталықты іске қосты. Мекеме аутизммен ауыратын балаларды емдеуге арналған. Бұған дейін мұндай орталықтар Астана, Алматы және Қызылорда қаласында ашылған.Сонымен қатар, қорға Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептерінің де үлесі тиесілі.

Болат Өтемұратов Қазақстан теннис федерациясын басқарады. ITF халықаралық теннис ассоциациясы директорлар кеңесінің құрамына кіреді.

Тимур Құлыбаев

Тимур Құлыбаев. Фото kfb.kz сайтынан алынды.

Рейтингтегі орны (Қазақстан/әлем): 2/973

Қаражаты (өткен жылғы табысы): 2,1 млрд доллар (2 млрд доллар)

Жасы: 49

Табыс көзі: көп салалы бизнес

2017 жылдың басында Қарағандыдағы алтын рудасын өндіру контрактісі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын Халық банкінің кепілдігіне берілді. Шешімді Тимур Құлыбаевқа Aquila Gold B.V. арқылы тиесілі «АК Алтыналмас» АҚ директорлар кеңесі қабылдады.

Компания банкпен бірге қаржыландыру лимитін 63,6 млн долларға дейін арттыру туралы келісімге қол қойды. Фабриканың жобалық қуаттылығы жылына 2 млн тонна руда өндіріледі. Ал инвестиция көлемі – 140 млн доллар.

2016 жылы «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI) мен Қытай мемлекеттік даму банкі жаңа құрылыс жобасы бойынша несиелік келіссөзге келді. Бағдарлама арқылы Атырау облысында алғашқы біріктірілген газ-химиялық кешен салынады. KPI-дың 49 пайыз үлесі Құлыбаевтар отбасына «АЛМЭКС Плюс» арқылы тиесілі. Ал 51 пайызына Самұрық-Қазына ұлттық қоры ие. KPI құны 2,6 млрд доллар болатын жобаның операторы болып есептеледі.

Тимур Құлыбаев ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) мен KazEnergy мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының ассоциациясын басқарады. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық олимпиада комитетіне басшылық етеді. 2016 жылы Азия олимпиада кеңесінің вице-президенті болды. Одан бөлек Құлыбаев ресейлік Газпромның тәуелсіз директоры болып саналады.

Динара Құлыбаева

Динара Құлыбаева. Фото radiotochka.kz сайтынан алынды.

Рейтингтегі орны (Қазақстан/әлем): 2/973

Қаражаты (өткен жылғы табысы): 2,1 млрд доллар (2 млрд доллар)

Жасы: 48

Табыс көзі: көп салалы бизнес

2017 жылдың наурызында Halyk Bank «Қазкоммерцбанктің» акцияларын сатып алу туралы келісімге келді. Екі банк біріксе ТМД аумағындағы ең ірі банктердің бірі болады. Қаржы институтының өз капиталы 3 млрд доллар, ал жиынтық активтері 31 млрд долларды құрайды.

Динара Құлыбаева Нұрсұлтан Назарбаевтің білім қорына басшылық етеді.  Сонымен қатар, ҚазХҚжәнеӘТУ-дің АҚ (Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) және «Қазақ-Британ техникалық университетінің» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

Владимир Ким

Владимир Ким. Фото kursiv.kz сайтынан алынды.

Рейтингтегі орны (Қазақстан/әлем): 2/973

Қаражаты (өткен жылғы табысы): 2,1 млрд доллар (1,5 млрд доллар)

Жасы: 55

Табыс көзі: металл

2017 жылы KAZ Minirals-тың капиталдандыру деңгейі 4 пайызға өсіп, 2,7 млрд теңгені құрады. Владимир Ким бұл компанияның ең ірі үлескері болып есептеледі. Оған акцияның 33,4 пайызы тиесілі. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, компанияның базалық табысы 180 млн долларға дейін артқан. Еске салсақ, мекеме 2015 жылы 10 млн долларға шығынға бастқан болатын.

2016 жлы кәсіпкер банк секторына 10 млн доллар (Forbes Kazakstan бағалауы бойынша) инвестиция құйып, Bank RBK-нің 335 мың қарапайым акциясына (6,7%) ие болған. 2017 жылдың 1 наурызында Ким банктегі үлесін 7,26 пайызға дейін көбейтті.

Сонымен қатар, өткен жылы оның Kazakhmys Ltd компаниясы Financial Services B.V. еншілес компаниясынан 55 млн долларға 100 пайыз «Қазақалтын» АҚ сатып алды.

Владимир Ким – Kazakhmys Holding Llc президенті және «KAZ Minirals» АҚ атқарушы емес директоры.

Әлижан Ибрагимов

Әлижан Ибрагимов. Фото forbes.kz сайтынан алынды.

Рейтингтегі орны (Қазақстан/әлем): 3/1098

Қаражаты (өткен жылғы табысы): 2 млрд доллар (1,5 млрд доллар)

Жасы: 62

Табыс көзі: металл

Әлижан Ибрагимов Италиялық мұнай және энергетика компаниясының (ERG) 20,7 пайыз акциясына ие. Ал 40 пайызы Қазақстан үкіметінің меншігінде. Қалған акцияларға Патох Шодиев (18,6%), пен Александр Машкевич (20,7%) иелік етеді.

Соңғы жылдары ERG 1 млрд долларға жуық активтерін сатты. 2014 жылы Жайрем кен байыту комбинаты 310 млн долларға, «Рудная» Серов ферроқортпа зауыты – 220 млн долларға  сатылды. Ал 2015 жылы Northam Platinum Ltd (ОАР) 13,1 пайызы — 161 млн долларға, ал «КоЖан» АҚ мұнай өндіру зауыты – 340 млн долларға саудаланды.