Қазақстандық банктер сәуірде несие беруді көбейткен

Сальдо.....................................................................
Фото: forbes.kz

Алматы. 24 мамыр. 7kun.kz — Банктердің Қазақстан экономикасына беретін несие көлемі артты. 2017 жылдың сәуірінде кредит 12 трлн 588,9 млрд теңгені құрады. Бір айдағы өсім 0,7 пайыз болды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

2017 жылдың сәуірінде заңды тұлғаларға берілген несие көлемі 0,5 пайызға (8 трлн 506,1 млрд теңгеге дейін), ал жеке тұлғалар несиесі  1,1 пайызға (4 трлн 82,8 млрд теңгеге дейін) өсті.

Ұлттық валютадағы несие 8 трлн 814,4 млрд теңгеге дейін (0,9%) жоғарылады. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,5 пайызға, ал жеке тұлғалардың несиесі 1,4 пайызға артқан. Ал шетел валютасындағы несие көлеміндегі өсім 0,2 пайыз (3 трлн 774,5 млрд теңгеге дейін) болды. Оның ішінде заңды тұлғалар несиесі — 0,4 пайызға өсіп, жеке тұлғалар несиесі — 1,3 пайызға төмендеген.

2017 жылдың сәуірінің соңында ұзақ мерзімді кредиттердің мөлшері 1,2 пайызға (10 трлн 489,4 млрд теңге) артып, қысқа мерзімді несие мөлшері 1,8 пайызға (2 трлн 99,4 млрд теңге) түскен.

2017 жылдың сәуірінде шағын кәсіпкерлік субъектілері 3 тлрн 62,2 млрд теңгеге (өсім 0,5) дейін кредиттендірілді.

Банк кредиттерінің негізгі бөлігі салалық өндірістерге берілді. Олар сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 19,7%), өндіріс (14,2%), құрылыс (7,6%), ауыл шаруашылығы (5,9%) және транспорт (4,5%).