Қазақстандықтар бұрынғыша ақшаларын валютада сақтап отыр

548
Қазақстандықтар бұрынғыша ақшаларын валютада сақтап отыр

2015 жылдың І тоқсанында Қазақстан банктеріндегі депозиттердің жалпы көлемі 6%-ға төмендеді. Отандық банктердегі салымдардың сомасы 1 сәуір күнгі жағдай бойынша 6 трлн 660,138 млрд теңгені қамтып отыр.

Ұлттық банктің мәліметтеріне сүйенсек, осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қазақстандықтардың салымдары 7 трлн 90,927 млрд теңге болған-тын. Бұл ретте отандастар валютадағы депозиттерге басымдық беріп отыр.

2015 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша заңды және жеке тұлғалардың шетелдік валютадағы салымдары — 4 трлн 268,655 млрд теңге, ұлттық валютада — 2 трлн 391,483 млрд теңге. 2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша шетел валютасындағы салымдар 4 трлн 569,938 млрд теңге деңгейінде болған еді.

Салымдар бойынша Алматы мен Астана көш басында. Олардың шетел валютасындағы жинақталған үлесі жалпы соманың 74,2%-ы. 1 сәуірдегі жағдай бойынша бұл қалалардағы шетел валютасындағы салымдар — 3 трлн 168,59 млрд теңге, ал ұлттық валютада — 1 трлн 594,184 млрд теңге.

Оңтүстік астанада 2 трлн 795,233 млрд теңге сомасына депозиттер бар, ал Астанада — 1 трлн 967,54 млрд теңге.

Аймақтық тұрғыда депозиттердің жоғары көлемі Қарағанды облысында байқалып отыр. 2015 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша оның көлемі 257,816 млрд теңгеге жетті, 1 қаңтардағы жағдай бойынша 254,66 млрд теңге деңгейінде болатын. Бұл аймақта да шетелдік валютадағы депозиттер (144,254 млрд теңге) ұлттық валютадағы салымдардан (113,563 млрд теңге) артық.

Депозиттер бойынша екінші орында Маңғыстау облысы. Аймақта 229,415 млрд теңге соммасына салымдар бар екен. Оның ішінде шетел валютасында — 169,106 млрд теңге, ұлттық валютада — 60,308 млрд теңге.

Облыстар арасында үздік үштікте Шығыс Қазақстан. Бұл аймақ тұрғындары банктерде 208,906 млрд теңге сомасына ақша сақтап отыр. Оның ішінде шетел валютасында — 108,499 млрд теңге, ұлттық валютада — 100,406 млрд теңге.