Қазақстанның сыртқы қарызы 4,2 млрд долларға өсті

798
сыртқы

Алматы. 18 қазан. 7kun.kz — 2017 жылдың бірінші жартысында Қазақстанның сыртқы борышының көлемі 4,2 млрд АҚШ долларына, оның ішінде 2017 жылдың екінші тоқсанында 2,4 млрд АҚШ долларына ұлғайды деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2017 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанның сыртқы борышы 167,9 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 7,9% (13,2 млрд АҚШ доллары) мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы деп есептелінеді. 3,7% (6,2 млрд АҚШ доллары) «Банктер» секторының сыртқы борышы, 25,2% (42,4 млрд АҚШ доллары) тікелей инвестициялармен байланысты емес «Басқа секторлардың» қарызы. Қалған 63,2% (106,1 млрд АҚШ доллары) осы сектордың фирмааралық берешегін құрайды.

Бұл жайлы Ұлттық банкінің төрағасы Астана қаласындағы «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру барысында Парламент Мәжілісі отырысында журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде айтты.
Сондай-ақ, мемлекеттік сектордың сыртқы борышы 0,4 млрд АҚШ долларына, негізінен, капиталдың халықаралық нарықтарында шығарылған тәуелсіз еурооблигациялар құнының өсуі және бейрезиденттер тарапынан Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарына сұраныстың артуы есебінен ұлғайғандығын хабарлады.
«Банктердің (екінші деңгейдегі банктер және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ) сыртқы міндеттемелері 1,0 млрд АҚШ долларына, оның ішінде еурооблигацияларды және қазіргі сыртқы қарыздарды жоспарлы өтеу салдарынан қысқарды», — деп хабарлады қаржы реттеушісінің басшысы.

«Фирмааралық берешек 1,8 млрд АҚШ долларына, негізінен, мұнай-газ жобаларын бұдан әрі қаржыландыру және тікелей инвесторлар алдындағы төленбеген дивидендтер және қарыздар бойынша сыйақы бойынша берешектің өсуі есебінен ұлғайды», — деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) және тауарлар мен қызметтер экспорты (ТҚЭ) көлемдерінің өсуі сыртқы борыштың салыстырмалы өлшемдерін жақсартуға ықпал етеді: сыртқы борыштың ІЖӨ-ге қатынасы 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жылдың басындағы 119,3 пайызбен салыстырғанда 112,4 пайызды құрады, ал сыртқы борыштың ТҚЭ қатынасы 375,8 пайызбен салыстырғанда 336,6 пайызды құрады.

«2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның таза сыртқы борышы ІЖӨ-ге қатынасы бойынша 27,6 пайызды құрай отырып, 3,1 млрд АҚШ долларына 41,2 млрд АҚШ долларына дейін өсті», — деп атап өтті Ақышев.

Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 2016 жылдың желтоқсанында 163,758 миллиард доллар болған.