Қазинвестбанк техникалық дефолтқа жол берді

Фото: kib.kz

Жұма күні қазақстандық Қазинвестбанк жеке тұлғаларға депозиттен қолма-қол ақша беруді тоқтатты. Бұл туралы Forbes.kz хабарлады.

Сондай-ақ, сайт журналисті банк жүйесі арқылы заңды тұлғалардың төлемдері де жүргізілмей тұрғанын білген. Сайт дереккөздерінің хабарлауынша банк техникалық дефолтқа жол берген болуы мүмкін.

Банктің тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы да қоңырауларға жауап бермеген.  Банктің сайтында қазіргі жағдайына қатысты ақпарат жоқ. Соңғы жаңалықтар желтоқсанның 21 күні жарияланған. Олардың бірінде 22 желтоқсан күні банк акционерлерінің кезектен тыс жиыны өтетіні айтылған. Күн тәртібінде «Қазинвестбанк» АҚ жаңа редакциядағы жарғысын қабылдау қаралуы керек болған.

Forbes.kz-тің дереккөздері енді банктің тағдыры дүйсенбіде шешіледі деген дерек берген. Дүйсенбіде Ұлттық банк банкті құтқаруы немесе банкрот болуға мүмкіндік беруі керек. Расталмаған ақпарат бойынша жақын арада ТОП 20-ға кіретін банктердің бірі жақын күндері осындай жағдайға тап болуы мүмкін.

Еске салайық, 2016 жылдың 1 қарашасында ҰБ шешімімен «Қазинвестбанк» АҚ пен «Дельта банк» АҚ жеке тұлғалардан депозит қабылдау мен есеп-шот ашуға рұқсат беретін лицензиясын үш айға тоқтатқан еді.

2016 жылдың 1 қазанындағы KASE ақпараты бойынша Қазинвестбанктің ірі акционері Гаухар Қаппарова (үлесі 10,02%) болған. Қалған акциялары  Абилхадиров Б.И., Альмагамбетов М.К., Бейсенбеков С.Ш., Джаксылыков А.Т., Ержанов А.А., Кайрбеков Н.Н., Калижанов Е.К. және Тлеубаева Л.С. арасында  9,97%-дан бөлінген. Сондай-ақ,  Черношвец Б.А. 7,13% үлеске ие.

Бұрын бұл банктің 15,0371% акциясына «Бәйтерек» ҰК АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев ие болған еді. Алайда ол биылғы жылдың наурыз айында акционерлер құрамынан шығып кеткен. Қазан айында ҚР Ұлттық банкі Жаңабеков Нұржан Күмісқалиұлына банктің ірі қатысушы болуға рұқсат берді.

3 тоқсандағы банк есебіне сүйенсек, 30 қыркүйектегі активтері 326,9 млрд теңгені құраған.

 

Қараша айында банк  KASE-ге клиенттерді несиелендіру үшін $30 млн. займ алғаны туралы хабарлаған.

Қазинвестбанк — 1994 жылдың мамыр айында тіркелген. алғашқы кезде қазақстандық кәсіпорындарға инвестиция тарту мен қазақстандық кәсіпорындардың мемлекеттік үлесін жекешелендірумен айналысқан. 2004 жылы негізгі банктік қызметтерді ұсынуға лицензия алды.